«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қырда жұмыс қызған шақ

Облыстағы егіс алқаптарының 35 пайызына дән себілді. Бұл – 1,4 млн. гектар жер. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов Қызылжар және Аққайың аудандарына жұмыс сапарымен барып, көктемгі егіс науқанының барысымен танысты.

Марат Тасмағанбетов Қызылжар ауданында алқап басында жергілікті агроқұрылымдардың басшыларымен кездесті. Шаруалардың айтуынша, қыста қардың қалың жауғанына қарамастан, жер тез құрғаған. Сондықтан ауыл шаруашылығы құрылымдары егіске білек сыбана кіріскен. Бүгінгі таңда аудан диқандары дән себу жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Сондай-ақ, биыл жоспарлы 160 мың тонна минералды тыңайтқыштың 148 мың тоннасы сатып алынып, агроқұрылымдарға күні бұрын берілген.

– Биыл тұқымның 9 пайызы сұрыптық жаңартудан өтті. Яғни, жергілікті шаруашылықтар элиталық тұқымды көбірек сатып ала бастағанын көріп отырмыз. Ендігі міндет – жауапты науқанды уақытында аяқтау, – деген Марат Иманбайұлы егіс жұмыстарының қарқынын ширату қажеттігін ескертті.

Өз кезегінде “Сервис-ЖАРС” және “Элти Гарант” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің басшылары Ғаббас Жантаев пен Ақан Барлыбаев соңғы жылдары нарықта сұраныс жоғары майлы дақылдарды егуге басымдық беріп отырғандарын жеткізді. Рапс пен зығырдың бағасы бидайға қарағанда қымбат. Шаруалардың барлығына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген. Атап айтқанда, үстіміздегі жылы өсімдік шаруашылығын дамытуға республикалық бюджеттен 17 млрд. теңге бөлінді.

Дәл осындай кездесу Аққайың ауданында да өтті. Биылғы жылы аққайыңдық диқандар 210 мың гектар алқапқа дәнді және майлы дақыл сіңірмек. Бүгінгі таңда бар алқаптың үштен бір бөлігіне дән сеуіп үлгерген. Жергілікті шаруашылықтар техника паркін жаңарту мәселесіне басымдық беруде. Жыл соңына дейін өнімділігі жоғары 109 техника сатып алу жоспарланған. Қазір соның 26-сы жеткізілген. “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігінің бас директоры Геннадий Зенченконың айтуынша, шаруашылыққа тиесілі алқаптың тең жартысына тұқым сіңірілді.

Наталья АИТОВА,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp