Қажылық – қаржылық мүмкіндігі бар мұсылман баласына парыз етілген амал. Өйткені, Алла Тағала Құранда «Әли Ғимран» сүресінің 97-аятында: «Мұнда келуге шамасы келген адамның бәрі Алла үшін сол үйге (Қағба) қажылық жасауға міндетті», – деп бұйырған. Биылғы қажылық маусымы қыркүйек айының 11-інен басталып, қазан айының 15-інде аяқталады. Ал Құрбан айт мерекесі 24 қыркүйекке келеді.
Биыл еліміздің қажылары үшін үлкен жеңілдіктер қарастырылған. Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан Жидда (яғни, Мекке қаласына) бағыты бойынша тура рейс ашылды. Енді алыс сапарға шығатындар бұрынғыдай тәуліктеп ұшақ күтпей, діттеген жерге аз күнде жететін болды.
Солтүстік Қазақстан облысынан Мекке мен Мәдина шаһарына зиярат етуге биыл 10-ға тарта адам аттанады. Жалпы үстіміздегі жылы Сауд Арабиясы Корольдігі еліміз бойынша бес мың адамға орын бөлген.
– Сауд Арабиясы қажылық министрлігінің бекіткен ережелері бойынша қажылық сапарына қатысты құжаттарды қабылдау тамыздың соңына дейін жалғасады, – дейді “Қызылжар” орталық мешітінің наиб имамы Бақтығали Тұяқбаев.
Облыстық мешіт имамдарының айтуынша, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қажылық миссиясына жоғары санатты дәрігерлер мүше, олар жолға шыққандардың денсаулығын тәулік бойы бақылап, отыздан астам дінтанушығалым мен тәжірибелі имамдар ұлы сапар барысында туындаған сұрақтарға жауап беріп, діни рәсімдердің дұрыс атқарылуына жіті көңіл бөлетін болады.
Айгүл ОРАҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.