
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен облыс орталығында есігін ашқан Назарбаев Зияткерлік мектебінде жаңа оқу жылының басталуы салтанатты жағдайда өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова қатысты.
Анархан Қалиқызы оқушылар мен педагогтерге, ата-аналарға облыс әкімі Ерік Сұлтановтың құттықтауын жеткізді.
– Қазақстан жастарына білімді, жан-жақты дамыған өз елінің патриоты болу міндеті жүктелген. Егемен еліміздің алғашқы күнінен бастап білім беруді дамытуға Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев баса назар аударып келеді және ол мемлекеттік саясаттың айнымас басымдығы болып табылады. Еліміздің қарқынды даму жағдайында дарынды, кәсіби дайындалған, бастамашыл жас мамандарға мұқтаждық артып отыр. Сондықтан да ұстаздар мен оқушылардың толыққанды білім алуына және шығармашылықпен жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Мектеп қазіргі заман талабына толық сай келеді. Тұңғыш Президентіміздің мектебі өзгелерге үлгі ететін оқу орны, білім беру жүйесінің алдыңғы мекемесі болуы қажет. Сіздердің білімнің ең биік шыңдарын бағындырып, батыл ойларыңызды іске асыруларыңызға тілектеспін, – деді Анархан Қалиқызы.
Бұл күні облыстың барлық мектептері 71 мыңнан астам оқушыға есіктерін айқара ашса, 8 мыңнан астам бүлдіршін мектеп табалдырығын алғашқы рет аттады. Ал жаңадан бой көтерген білім ордасының арнайы іріктеуінен өткен 130 ұстаз өзгелерден озып шыққан 459 оқушыны білім нәріне сусындатпақ.
Білім күніне арналған салтанатты шараға жиналғандарды білім ордасының директоры Күлфарида Раисова да құттықтады. Күлфарида Бабағұмарқызының айтуынша, елімізде он сегізінші болып ашылған Назарбаев Зияткерлік мектебі математика, физика, информатика, химия, биология пәндерін тереңдетіп оқытатын болады.
Аталмыш білім ошағын осы күнге дейін Назарбаев Зияткерлік мектебінде 7-ші сыныпқа қабылданған 117 оқушы үш қазақ және сонша орыс сыныптарына топтастырылған. Білім ошағының басты мақсаты тілдік орта қалыптастыру болғандықтан, қазақ, орыс, ағылшын тілдері қатар оқытылады екен. Сонымен қатар, қазақ сыныптарына да, орыс сыныптарына да ағылшын тілінен бес сағаттан апталық жүктеме бөлінген. Бұған қосымша ағылшын тілінде үйірмелер де жүргізіледі. Дене тәрбиесі, тағы басқа пәндер де мұғалімдердің сапасына байланысты ағылшын тілінде өткізіледі деп жоспарланған. Осыған орай шетелден арнайы шақыртылған 8 ұстаз сабақтарын толықтай шет тілінде өткізетін болады. Жыл соңына дейін олардың саны арта түспек.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.