«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫРУАР ҚАРЖЫ ИГЕРІЛМЕГЕН

Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен әкімдіктің кезекті отырысында үстіміздегі жылдың қаңтар-қараша айларындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, бюджеттің шығыс-кіріс бөлігі мен азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесі қаралды.

Алдымен облыстық экономика басқармасының басшысы Әрсен Қазбеков өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндады. Есептік кезең бойынша облыстың қысқамерзімді экономикалық индикаторы 101,3 пайызды құрайды. Өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда негізгі капиталға инвестициялар көлемі – 11,9 пайызға, құрылыс жұмыстары – 2,2, бөлшек сауда – 2,9, ауыл шаруашылығы өндірісі – 0,8, тұрғын үй құрылысы – 23,8, өнеркәсіптік өндіріс 0,4 пайызға ұлғайған.
Баяндамашы ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласында 626,9 және 218,8 млрд. теңгенің өнімі шығарылғанын, тағам өнімдерін өндіру көлемі 13,1 пайызға артқанын атап айтты. Дегенмен, қайта өңдеу және машина жасау салаларының көрсеткіші төмен. Мысалы, қайта өңдеу саласы былтырғы 2,2 пайыздық көрсеткішке қол жеткізе алмаса, тапсырыстың болмауынан “ЗИКСТО” және “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” акционерлік қоғамдарында өндіріс көлемі азайған. Химия өндірісінде де жағдай мәз емес, өндіріс көлемі 28,9 пайызға төмендеген. Ал құрылыс саласында атқарылған жұмыстың көлемі 2,2 пайызға артқанымен, Мамлют, Мағжан Жұмабаев және Тимирязев аудандарында қарқын бәсең.
Бюджеттің кіріс-шығыс бөлігіне келетін болсақ, жергілікті қазына қаржысы 37240,3 миллион теңгемен толыққан. Облыстық қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышкант атап өткендей, бюджет 98,8 пайызға игерілген. Белгілі болғандай, облыстық бюджеттің 567,1 млн. теңгесі игерілмеген. Атап айтқанда, бірқатар аудандар мен облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, кәсiпкерлiк және туризм, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау басқармалары бюджет қаржысын игеруде салғырттық танытқан.
Өткен он бір айдың қорытындысы бойынша әр салаға жеке-жеке тоқталып өткен өңір басшысы Құмар Ақсақалов кейбір аудандарда атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толмайтынын жеткізді.
– Биыл өңірдің негізгі капиталына 153,7 млрд. теңгенің жеке инвестициясы тартылды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 26,6 пайызға артық. Жылдық жоспар бойынша жалпы 227,6 млрд. теңге тарту көзделген. Бірнеше аудандарда бұл тапсырма дұрыс орындалмай жатса, бұл мақсатқа қалай қол жеткізбекпіз? – деген Құмар Іргебайұлы аудан басшыларына жұмысты ширатуды тапсырды.
Күн тәртібіндегі соңғы мәселе бойынша облыстық кәсiпкерлiк және туризм басқармасының басшысы Құралай Жарова есеп берді. Ол өңірімізде азық-түлік бағасының тұрақты екенін атап өтті. Қырыққабаттың килограмы – 85, сәбіз – 80, ал сарымсақ 70 теңгеден саудалануда. Соңғы уақытта облысымызда тек тұз бен күріштің бағасы қымбаттаған.
– Өңіріміздің тұрақтандыру қорына 2660 тонна бірінші сұрыпты ұн, 136 тонна макарон өнімі мен 14 мың тонна күнбағыс майы, 9 тонна қарақұмық сатып алынды Қазіргі таңда күріш, қант, картопты нарыққа шығарып, сол арқылы бағаны төмендету жұмыстары жүргізілуде, – деді Құралай Амангелдіқызы.
Бүгінгі таңда басқарма мамандары жоспарға сәйкес өңіріміздегі 100 сауда орнында әлеуметтік маңызға ие азық-түлік өнімдерінің бағасына мониторинг жүргізуде. Нәтижесінде 22 сауда нүктесінде азық-түліктің бағасы төмендетілді. Енді аудан әкімдері апта сайын азық-түлік тауарларының бағасы бойынша есеп беріп отырады. Сонымен қатар статистика, кәсіпкерлік және туризм басқармаларының өкілдері, облыс әкімі аппаратының инспекторлары мониторинг жүргізеді.
Облыс әкімі азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол берген кәсіпкерлерге қатысты шара қолданылатынын ескертті.

Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp