«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫРЫЛҒАН ҚҰСҚА ӨТЕМАҚЫ ТӨЛЕНЕДІ

Өткен аптада еліміздің 5 облысында 53,9 мың үй құсы қырылған болатын. Оның 12,9 мыңы 47 елді мекендегі үй шаруашылықтарында тіркелсе, ал 41 мыңы Қызылжар өңірінде тіркелді. Бұл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Солтүстік Қазақстан облысындағы эпизоотиялық жағдайға арналған брифингте айтылды.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаеваның айтуынша, аталмыш оқиғаға байланысты арнайы жедел штабтар құрылып, Ресейден құстың әкелуіне тыйым салынған. 

– Осыдан үш күн бұрын Солтүстік Қазақстан облысындағы кейбір ауылдарда құс қырылуы фактісі тіркелді. Қырылған құстың симптомдары ұқсас. Зертханалық сараптаманың қорытындысына сәйкес, өлімге құс тұмауы себеп болған. Кесел үй құстарына жылы жаққа ұшып бара жатқан дала қазынан жұққан. Яғни, олардың барлығы бір су айдынында жүзіп, қоректенгені белгілі болып отыр. Осыған байланысты облыс аумағының 7 ауданына қарайтын 10 елді мекенде карантин енгізіліп, облыс әкімдігіне тиісті құжат жіберілді, – деді Гүлмира Исаева.
Карантиннің шартына сәйкес адамдар мен көліктердің қозғалысына барынша шектеу қойылады. Карантиндік зонаға енетін немесе шығатын автокөліктердің дөңгелектері қатаң дезинфекциядан өткізілуде. Алайда, карантин аймағынан тірі құстар және сойылған құс етін, тіпті оның мамықтары мен тамақтарын алып шығуға толықтай тыйым салынды. Құс тұмауының одан ары таралмауы үшін республикалық қордан 1,4 млн. дана вакцина бөлінді. Ол ауру ошақтарында және Ресеймен шекаралас елді мекендердегі 4,7 млн. құсқа екпе жұмыстарын жүргізуге жеткілікті. Алдағы күні тағы 1 млн. дана вакцина жеткізіліп, қосымша 3,5 млн. құс вакцинацияланбақ.
Карантин аймағындағы тұмау белгісі бар құстар толығымен жойылып, еттері өрттелуде. Бұл процедураны республикалық эпизоотикаға қарсы жасақтың 79 маманы атқаруда. Олар жойылған құстардың саны, жасы, түрі көрсетілген хаттамалар толтырылуда. Кейін бұл құжаттар жойылған құстардың құнын бюджет есебінен өндіруге негіз болады. Бұл мақсатта ел бюджетінен 390 млн. теңге қарастырылған. Карантин уақыты соңғы ауру құс табылғаннан кейін 21 күн өткеннен кейін ғана аяқталады.
Мақаланың толық нұсқасын газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.

 

Сурет: https://kaztag.kz/
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp