«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫР ЕҢБЕККЕРЛЕРІ ҮН ҚОСТЫ

Өңіріміздегі іргелі шаруа қожалықтарының басшылары мен фермерлер бас қосқан жиында Қазақстан Республикасының президенттігіне үміткер ретінде “Нұр Отан” партиясы ұсынған Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасы ұсынылғанына қолдау білдірілді.

Ол туралы солтүстікқазақстандық аграршылардың атынан сөз алған “Якорь-СК” ЖШС-нің директоры Владимир Очеретенко айтып өтті:

– Бүгінгі аграрлық секторда үлкен серпін байқалады. Біздің фермерлер еліміздің дәулеті жолында аянбай еңбек етуде. Жылдан-жылға ауыл шаруашылығы құрылымдары өздерінің жағдайын нығайтып келеді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында шаруашылықтардың тынысы кеңеюде. Шығарған өнімдеріміз табиғи таза әрі ішкі және сыртқы нарықта үлкен сұранысқа ие. Бүгінде “Қазақстанда жасалған” деген акцияның өткізілуі негізінде нарық отандық өнімдерге тола түсуде. Жергілікті аграршылардың еңбегі бағаланып, олардың тауарларының құндылығын халық таныды. Мемлекеттің индустрияландыру бағдарламасы тынысымызды одан әрі кеңейтуде. Елімізде көліктер, ауыл шаруашылығы техникалары мен құрал-жабдықтарын шығару, аграршыларға қажетті химиялық тыңайтқыштарды өндіру ісі қалыптасып келеді. Осының барлығы – елімізді, мемлекетімізді басқарып отырған Елбасының сындарлы саясатының арқасы.

Бұл пікірді сөз алған “Тайынша-Астық” ЖШС-нің директоры Анатолий Рафальский мен “Фирма Алекри” ЖШС-нің директоры Александр Прядко да қолдады.

“Нұр Отан” партиясы XVI съезінің делегаты Анатолий Рафальский жиын соңында журналистерге шағын сұхбат берді.

– Ел басқаруға лайықты адамды бүгін ғана таңдап отырған жоқпыз, біз оны бұрыннан жақсы білеміз. Тәуелсіздігімізді алғаннан бері Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен еліміз қарқынды дамып келеді. Әсіресе, ауыл шаруашылығы секторында үлкен өзгерістер бар. Партияның XVI съезінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жаңа реформа ұсынды. Сондағы айтылған ойларды терең ұғынып, олардың орындалуы үшін қосар үлесімізді белгілеп, Президент сайлауы болатын күнді асыға күтеміз. Біз бүгін елдегі бейбітшілік пен бірлікті сақтай отырып, әрі қарай да еліміздің өркендеуін ойлауымыз керек, – деді Анатолий Брониславович.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp