Егін бітік шығуы үшін топырақтағы ылғал қорының мол болғаны маңызды. Ол үшін қыстай қар тоқтату керек. Мамандар осы бағыттағы жұмыстарды дер кезінде жүргізбесе алқап бетін жасырған жұқа қардан өсімдікке пайда аз. Қар тоқтату – өңір диқандары үшін дәстүрге айналған көпжылдық тәжірибе.
Биыл шаруалар 3 млн. гектар алқапта қар тоқтатуды жоспарлап отыр. Бүгінге дейін тиісті жұмыстардың 15 пайыздан астамы атқарылған.
– Жыл басталғалы диқандар техникасын сайлап, даладағы жұмыстарға кірісіп кетті. Қыста өңір аумағында қар көп жауғанын көріп отырмыз. Кей аудандарда қалыңдығы 63 сантиметрге дейін жетті. Қар тоқтату – өнімнің мол болуы үшін қажетті шара. Биылғы қыс алдағы егіс науқанына қолайлы жағдай тудырып отыр, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы агрономия бөлімінің бас маманы Әсем Қалуова.
Қар тоқтатуға келгенде әркімнің ұстанатын өз әдісі бар. Біреулер алқаптарға арнайы қар ұстайтын материалдар орнатса, енді біреулері терең ор қазады. Ақ ұлпаны ұстап қалатын арнайы дақыл түрлерін егетіндер де бар. Осылайша алқапқа жауған қар ұйытқыған боранда ұшып кетпей, керісінше, көптеп жиналып, көктемде біртіндеп еріп, топырақты ылғалдандырады.
Аталған жұмыстар Аққайың ауданында қарқынды жүргізілуде. Бүгінде ауданда 20 шаруа қожалығы мен 4 серіктестік қар тоқтату жұмыстарына кірісіп кеткен.
Мұндағы Власовка ауылының маңындағы алқаптарға шыққан техника ақ ұлпаны тоқтату шараларын үздіксіз атқаруда. Трактор тізгіндеген жұмысшылар биыл қардың өткен жылға қарағанда аздау екенін айтады. Десе де ылғал қоры жеткілікті.
– Власов ауылдық округіндегі «Грейн Рич» серіктестігінің алқабында қар тоқтату жылда қарқынды жүргізіледі. Бұл жұмыстар күзде мол өнім алуға мүмкіндік береді. Жоспар бойынша 1,5 мың гектар аумаққа егін егеміз деп отырмыз. Ылғал мол болса әдеттегіге қарағанда гектарынан 2 центнерге жоғары дақыл жинауға болады. Өнімділігі жоғары тракторлардың арқасында ісіміз берекелі, – дейді агроном Борис Запорожец.
Серіктестік жұмысшылары жауапты іске байыппен кіріскен. Алдағы уақытта егіс даласындағы үйінділердің арасы қарға толып, көктемде тұқымның тез көктеп, бидай масағының ауырлауына сеп болмақ.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».