Солтүстікқазақстандық “Құлагер” хоккей командасы өз алаңында “Теміртау” хоккейшілерін қабылдады.
Кездесудің бірінші күні жерлестеріміз 6:5 есебімен жеңіске жетсе, қарымта кездесуде 5:1 есебімен ұтты.
* * *
Волейболдан ерлер арасындағы “А” жоғары лига ойындарының кезекті туры аяқталды.
Сайыс барысында 7 кездесу өткізген петропавлдық “Есіл СК” алтауында жеңіске жетіп, тек біреуінде ғана жеңіліс тапты.
* * *
Өскеменде 1996-1997 жылдары туған жасөспірімдер арасында ел біріншілігі өтті.
Боз кілемде 78 килограмм салмақта сынға түскен жерлесіміз Назгүл Маратова жеңіс тұғырының жоғары сатысына көтерілді.
* * *
Павлодар қаласында жасөспірімдер арасында акробаттық жолақ пен батутта секіруден ел біріншілігі өз мәресіне жетті.
Жарыстың қорытындысы бойынша Виталий Дель мен Мария Топорищева акробаттық жолақта жеңімпаз атанды. И.Русаков, А.Шашков, Е.Морозова, А.Мұхамеджанова (акробаттық жолақ) және Сергей Галицкий (батутта секіру) екінші орынға ие болса, Е.Ерихинская (акробаттық жолақ) үздік үштікті тұйықтап, қола медальды еншілегендердің қатарынан көріне білді.
***
Қостанай қаласында гір спортынан өткен ел біріншілігіне қатысқан солтүстікқазақстандық спортшылар олжалы оралды.
Байрақты сайыста өңір намысын қорғаған 15 қызылжарлықтың ішінде әр салмақ дәрежесінде М.Вологодский, М.Косинов және Ю.Кшановский жеңістің бірінші сатысына көтерілсе, О.Окс, М.Будкевич және И.Бекетов күміс медальға қол жеткізді. Ал А.Евсеев пен С.Басов үшінші орынға табан тіреді.
* * *
Солтүстікқазақстандық акробатшылар – Александр Зотов пен Анастасия Бейсембаеваның аралас жұбы Алматы қаласында жастар арасында спорттық акробатикадан өткен ел біріншілігінде жеңіске жетті.
* * *
Ресейдің Омбы қаласында бокстан халықаралық жарыс өтті.
Сайыстың қорытындысы бойынша Евгений Павлов 49 килограмм салмақ дәрежесінде екінші орынға қол жеткізіп, “Үздік техника” аталымын иеленді. 64 килограмда өнер көрсеткен Никита Ибрагимов те күміс медальға ие болды.
* * *
Алматыда армрестлингтен өткен ел біріншілігінде жерлесіміз Виктория Фролова үшінші орынға ие болды.
* * *
Солтүстікқазақстандық палуан қыздар Марина Зуева мен Екатерина Фирстова Минск қаласында еркін күрестен үш дүркін Олимпиада жеңімпазы Александр Медведьтің жүлдесі үшін өткен халықаралық турнирде жақсы нәтиже көрсетті.
Екатерина Фирстова әйелдер арасында күміс медальға ие болса, Марина Зуева бесінші орынға тұрақтады.
***
Катардың Доха қаласында жеңіл атлетикадан Азия біріншілігі аяқталды.
Сайыс барысында 400 метр қашықтықты 46,80 секундта бағындырған жерлесіміз Михаил Литвин үздік үштікті түйіндеді. Ал Ирина Эктова ұзындыққа үш қарғып секіруде үшінші нәтиже көрсетті.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.