«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫСҚАША

Жезқазған қаласында 1997-1998 жылдары туған жасөспірімдер арасында өткен бокстан ел біріншілігі аяқталды. Жарысқа 70-тен астам спортшы қатысты. Аталмыш додада өңір намысын қорғаған бокстан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі тәрбиеленушілерінің екеуі жүлдемен оралды.  

69 килограмм салмақ дәрежесінде қолғап түйістірген Азат Елубаев 3 кездесуден сәтті өтіп, ақтық сында қарағандылық қарсыласынан күш пен техника жағынан басым түскен. Сөйтіп, алтыннан алқа тақты. Ал 52 килограмм салмақта сынға түскен Данияр Ғайнулин күміс медальға ие болды.  

Ал жоғары санаттағы ұлттық төреші Азамат Жақиянов сайыстың “Үздік төрешісі” атанды.

* * *

Щучье қаласында спорттық бағдарлаудан Азия біріншілігі өтті. Мұнда да жерлес спортшылар жүлделі орындардан көріне білді.

Атап айтар болсақ, жасөспірімдер арасында сынға түскен Дарья Налобина “Элита” санатындағы ұзақ қашықтықта жеңімпаз атанса, Наталья Чуприкова үшінші болды. Ал, орта қашықтықта Әсем Назырова мәре сызығын бірінші болып қиса, Дарья Налобина үздік үштікке ілікті.

Ел құрамасының ерлер тобында сайысқа шыққан Аслан Тоқбаев пен Аслан Назыровтың командасы эстафетада екінші орынға ие болды. Нәзік жандар арасында өткен эстафетада Әсем Назырова мен Дарья Налобинаның жұбы екінші нәтижеге қол жеткізді.

* * *

Қазақстан құрамасы Азия чемпионатында төртінші орында келеді. Әзірше команданың қоржынында 15 алтын, 16 күміс, 25 қола медаль бар. Қытай құрамасы биылғы біріншілікте 253 медальмен топ бастауда, екінші орында 160 медаль алған Оңтүстік Корея спортшылары. Жапония атлеттері 139 медальмен үшінші орында келеді.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp