«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫСҚА ДАЙЫНДЫҚТЫ ШИРАТУ ҚАЖЕТ

Кеше облыстық әкімдіктің кезекті отырысы өтіп, жиында білім беру мекемелерінің жаңа оқу жылына әзірлігі, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды қысқы жылыту маусымына дайындау мәселелері қаралып, жергілікті полиция қызметінің алты ай ішінде атқарған жұмысының қорытындылары тыңдалды.

Оқу жылына дайындық жайын облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова баяндады. 79 балабақша мен 479 шағын орталықта 23 мыңнан астам бүлдіршін тәрбиеленуде. Бір жыл ішінде бала саны жетіспегендіктен және жетім балаларды өз қатарластарымен бірге жалпы білім беру мекемелерінде оқытуға көшудің нәтижесінде 10 мектепті жабуға тура келген. Мектебі жоқ елді мекендердің 1291 оқушысын күн сайын таңертең-кешке, ал интернаттарда тұратын 1324 баланы аптасына бір рет үйлеріне апарып және алып келу үшін автобустар қатынасын ұйымдастыру жайы сөз болды. Ерік Сұлтанов балаларды тасымалдайтын қоғамдық көліктердің ескіргендігіне тоқталды. Оқушылардың қауіпсіздігі басты назарда, сондықтан алдағы жылы бюджеттен балаларға арналған автобустар алуға қаржы бөлу қажеттігін ескертті.

Биыл 59 білім беру нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Шатыр жабу, жылу жүйесін жаңалау, терезелерді ауыстыру, қазандықтарды сыртқа шығару жұмыстары атқарылған. Дегенмен, ауыл мектептерін қысқа дайындау мәселесінде қиындықтар бар. Көбінің жылыту қазандықтары оқу ғимаратының ішінде орналасқан. Қауіпсіздік талаптары бойынша олар білім ордасынан тыс жерде тұруы тиіс. Облыс әкімі селекторлық байланыс арқылы аудандардың әкімдеріне бұл маңызды істі суық түспей аяқтауды тапсырды.

– Қызылжар ауданында кәсіпкер үш мектепке сабан жағатын қазандықтар қойып, жылыту мәселесін өз мойнына алған. Қызуы көмірден кем емес. Осы тәжірибе өзге аудан әкімдерінің қаперінде болсын. Қазандықты сыртқа шығаруға жергілікті шаруашылық басшылары да көмектесуі керек. Суық түспей барлық қазандықтар талапқа сай дайын болуын тапсырамын, – деді Ерік Хамзаұлы. Бұл істе Ақжар ауданында сылбырлық басым екені де айтылды.

Әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің қысқы жылыту маусымына дайындығы жайлы толығырақ энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тасмұрат Қатқадамов мәлімет берді. Жылу электр орталығының №12 қазандық агрегаты мен №5 турбоагрегатын жаңарту жұмыстары жақында аяқталады, бұл 2016 жылдың соңына қарай электр қуатын 541 мВт-ға, ал жылуды 713 Гкал/сағатқа дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Басқарма басшысы бір айлық көмір қоры жинақталғанын да хабарлады. Ал бюджеттік ұйымдар өздеріне қажет 170 мың тонна көмірдің 151,6 мың тоннасын немесе 89 пайызын жеткізіп алған. Қалғаны қыркүйектің 15-іне дейін тасымалданып бітуі тиіс.

Басқарма басшысының айтуынша, Петропавл қаласындағы 1048 көпқабатты тұрғын үйдің 510-ның жылу жүйесі шайылып, қысым арқылы тексерілген. Ерік Сұлтанов қала әкімі Марат Тасмағанбетовке дайындықты ширата түсуді тапсырды. Жылу есептегіш құралдарын орнатуды да жеделдету керектігін ескертті.

Әкімдік отырысында жергілікті полиция қызметінің бастығы Қанат Айтбаев жыл басынан бергі алты айда атқарылған жұмыс туралы баяндады. Ішкі істер саласын реформалау нәтижесінде құрылған бұл қызмет қылмыстың азаюына оң ықпал етуде. Қоғамдық орындарда жасалатын қылмыс – 13,2 пайызға, көшеде – 13,3, ал жасөспірімдер тарапынан жасалатын қылмыс – 17,4, отбасылық жанжалдар 35,3 пайызға қысқарған. Қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстардың көбі Петропавл қаласына тиесілі. Облыс әкімі Ерік Сұлтанов жергілікті полиция қызметі жұмысының нәтижелерін халық біліп отыруы үшін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы есеп беру керектігін ескертті. Бұл тәртіп сақшыларына деген сенімді де арттыра түспек.

Қылмыспен күресте оң көрсеткіштермен бірге келеңсіз жайттар да жоқ емес. Бұрын сотталғандар жасаған қылмыстар бірден төрт есеге өскені және мас күйде жасалатын қылмыстардың да артқаны алаңдатып отыр. Қанат Айтбаев қылмысты есепке алу саласындағы өзгерістердің кесірінен көрсеткіш көбейіп кеткенін айтып ақталды.

Ерік Сұлтанов тәртіп бұзушылық мен қылмыстың алдын алу үшін облыс бойынша, оның ішінде Петропавл қаласының Былғары зауыты сияқты шеткі аудандарында қосымша полиция бекеттерін ашу қажеттігін айтты. Халық көп жүретін орындар мен көше қиылыстарына бейнекамералар орнату ісін де жалғастыруды тапсырды.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp