«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫСҚА ХАБАРЛАР

Жуырда олимпиада жеңімпазы Ольга Рыпакованың атындағы халықаралық турнир өз мәресіне жетті.  

Жарыстың қорытындысы бойынша Александр Викторенко (60 метр), Ирина Эктова (үш рет қарғып секіру), Михаил Литвин (400 метр) және Екатерина Эктова (ұзындыққа секіру) жеңімпаз атанып, алтыннан алқа тағынды. Ал Александр Нижеборцев (үш рет қарғып секіру) үшінші болды.

* * *

Солтүстікқазақстандық кикбоксшы Никита Сипягин Эстонияда өткен халықаралық “Балтық кубогы” біріншілігінің жеңімпазы атанды. Бұл сайысқа әлемнің тоғыз мемлекетінен 150-ден астам спортшы қатысқан.

Жарыс барысында 60 килограмм салмақ дәрежесінде сынға түскен Никита шаршы алаңда өткізген екі кездесуін де нокаутпен аяқтаған.

Он сегіз жасар жерлесіміз – кикбокстан спорт шебері, ел біріншілігінің бірнеше мәрте жеңімпазы және әлем кубогының иегері.

* * *

Петропавл қаласында әскери күш құрылымдары арасында алғаш рет волейболдан жарыс өтті. Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 26 жыл толуына орай ұйымдастырылған спорттық шараға ішкі істер, қорғаныс, Ұлттық қауіпсіздік департаменттерінің әскери бөлімдерінен сегіз команда қатысты.

Жалпы ойын қорытындысы бойынша облыстық ішкі істер департаментінің спортшылары бірінші орынды қанжығаларына байлап, сайыстың жеңімпазы атанды. Күміс жүлдені Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің мамандары иеленсе, үздік үштікті облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің құрамасы тұйықтады.

* * *

Петропавлдағы дарынды балаларға мамандандырылған облыстық спорт мектеп-интернатында волейболдан өткен “А” тобындағы әйелдердің үшінші кіші турының жеңімпаздары анықталды.

Біріншіліктің үшінші турының қорытындысы бойынша өскемендік “ШығысҚорғасынҚұрылыс” көш бастап тұр. Ал алматылық “Алматиночка-Алматы” мен “Қарағанды” құрамалары, сәйкесінше, екінші және үшінші орындарды бөлісуде. Үшінші кіші турда сәтсіз ойнаған солтүстікқазақстандық “Қуаныш” құрама командасы тек – бесінші орында.

Жоғарғы лиганың төртінші туры наурыз айында Петропавлда өтеді.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp