Жаз басталысымен облыс орталығында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту, қысқы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жандана түседі. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов осындай бірнеше нысанда болып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Өңір басшысы алдымен Мағжан Жұмабаев және Крепостная көшелерінің қиылысында жөнделіп жатқан жылу магистралінде болды. Бұл жерден өтетін №7 және №15 жылу құбырлары перинаталдық орталыққа, академик М.Қозыбаев атындағы СҚУ жанында тұрғызылуы тиіс оқу-зертханалық корпусқа, сол маңайдағы үйлер және “Черёмушки” шағынауданына қызмет көрсетеді. Құбырлар осыдан қырық жыл бұрын тартылғандықтан, бүгіндері әбден тозығы жеткен. Тек өткен жылдың өзінде төрт апаттық жағдай орын алған. Әсіресе, қыс басталысымен құбырлар қайта-қайта жарылып, тұрғындарды да, қызмет көрсетуші компанияны да әлекке салып келді.
“Петропавл жылу желілері” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Андрей Калиничевтің айтуынша, облыс орталығында қысқы жылыту маусымына дайындық шаралары белсенді жүргізілуде.
– Биыл Петропавлда төрт бірдей жылу магистралін жаңғыртудамыз. Осы жұмыстың нәтижесінде тұтынушыларды жылумен қамтамасыз ету жақсарып, шығын азаяды деп күтілуде. Бұл ретте қалада жаңадан салынып жатқан шағынаудандар мен өнеркәсіптік аймақтар басымдыққа ие болады. Өткен жылы облыс орталығындағы негізгі үш жылу магистралі жаңартылып, жылу беру жаңа сапалық деңгейге көтерілген болатын. Сонымен қатар бұл екі жылу магистралін жаңғыртудың нәтижесінде жаңа кәсіпкерлік нысандар мен тұрғын үйлерді орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу және жылумен қамту біршама жеңілдей түседі, – дейді Андрей Калиничев. Қазіргі уақытта жоспарлы жұмыс 90 пайызға орындалған.
Бұл жерде тартылып жатқан құбырлар 25 жылға дейін шыдас бермек. Облыс орталығына жылу тарату қызметімен айналысатын серіктестік жөндеу жұмыстарын 1 қазанда аяқтауы тиіс.
Жаңғырту жұмыстары Петропавл №2 жылу-электр орталығында да жүргізілуде. Бүкіл шаһарды жылумен қамтамасыз ететін кәсіпорында 12 қазандық, 7 турбоагрегат және 7 трансформатор бар. Былтыр көмір күлін шығаратын №2 секцияда қайта құру және №3 секцияны кеңейту жұмыстары қолға алынған болатын. Бұл шаралар қаланы жылумен қамтуды жақсартуға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ, “3ГТ” трансформаторы ауыстырылып, нысандағы жұмыс талаптарына сай емес басқа да құрал-жабдықтар жаңартылуда. Бұл жұмыстар облыс орталығын толыққанды жылумен қамтуға мүмкіндік бермек.
“СевКазЭнерго” акционерлік қоғамының атқарушы директоры Игорь Татаров былтыр орталықтың негізгі құрал-жабдықтарын жаңғыртуға 4,4 млрд. теңге жұмсалғанын жеткізді. Ал биыл 4 қазандық пен 3 турбина жөнделуде. Әзірге бұл жұмыстар 33 және 43 пайызға орындалған.
– Біз жылу жүйелерін және Петропавл №2 жылу-электр орталығын жаңғырту жобасын 2017 жылы бастаған болатынбыз. Кешенді жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады. Бұл – біздің өңір үшін маңызды жобалардың бірі. Себебі, соңғы 50 жылдан бері орталықта жаңғырту жұмыстары жүргізілмеген, құрал-жабдықтар ауыстырылмаған. Ескірген жабдықтар бүгінгі таңда техникалық талаптарға сәйкес келмейді. Ал инфрақұрылым жүйесін жаңғыртпай, облыс орталығын дамыту мүмкін емес. Сондықтан аталмыш нысандардағы жаңғырту жұмыстары жергілікті биліктің назарында, – деді Құмар Іргебайұлы.
Соңғы екі жылдан бері көмір бағасының қымбаттауына жол берілмеді. Биыл да тұрақты. Өңір басшысының айтуынша, облыстағы бюджеттік мекемелер 73 мың тонна көмір әзірлеген. Бұл – бар қажеттіліктің 51 пайызы. Қазір облыс аумағындағы теміржол тұйықтарында 38,6 мың тонна қатты отын бар. Дегенмен, жылына 380 мың тонна көмір пайдаланатын жеке сектор тұрғындары арқаны кеңге салып, жылыту маусымына дайындалуға асығар емес. Қазіргі уақытта олар тек 90 мың тонна көмір сатып алған. Сондықтан облыс әкімі петропавлдықтарды күз бен қысты күтпей, бүгіннен бастап қамдануға шақырды.
Биыл 5 аудандағы 53 екіқабатты тұрғын үй орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылатыны белгілі. Өңір басшысының айтуынша, Айыртау, Ақжар, Есіл және Шал ақын аудандарында биомассамен жұмыс істейтін қазандықтар орнатылуда. Қазір шалғай аудандардағы көпқабатты үйлерді желіге қосу мақсатында жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
– Бүгін қысқы жылыту маусымына дайындық барысын қадағаладым. Петропавл №2 жылу-электр орталығындағы қазандықтар мен трансформаторларды ауыстыру бойынша жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізілуде. Биыл облыс орталығындағы жылу торабын ауыстыру және кеңейту бойынша үш жылдық жобаны толығымен аяқтаймыз. Қаланың орталығында көпқабатты тұрғын үйлер мен заманауи нысандар салынуда. Оның ішінде университеттің оқу-зертханалық корпусы мен жатақхана бар. Алдағы уақытта оларды жылумен қамтамасыз ету үшін жұмыстар жалғастырылатын болады. Ең бастысы – әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің қысқы жылыту маусымына дайындығы жоспарға сай жүзеге асырылуда, – деді Құмар Іргебайұлы.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген
Вадим МУДАРИСОВ.