
Аққайың ауданының орталығы – Смирново ауылында дәстүрлі “Солтүстік – 2016” қысқы ауыл спорты мерекесінің ақтық кезеңі өтті. Спорттық шараның ашылу салтанатына облыс әкімі Ерік Сұлтанов қатысты.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан – 2050” Стратегиясында: “Дене шынықтыру мен спорт мемлекеттің айрықша назарында болуы тиіс. Саламатты өмір салты ұлт денсаулығының кілті болып саналады”, – деп атап көрсетті. Елімізде спортқа айрықша көңіл бөлінуде. Бұл орайда біздің өңірде де шешімін тауып жатқан істер аз емес. Бұл мүмкіндіктер спорт түрлерінің кең қанат жайып, өркендеуіне жол ашып отыр. Барлық спортшыларға жеңіс пен табыс тілеймін! – деді Ерік Хамзаұлы.
Осымен жиырмасыншы мәрте ұйымдастырылып отырған дәстүрлі дода спортшылардың салтанатты шеруімен басталды. Жарысқа қатысушылардың арасында елдің, облыстың құрама командалары сапында өнер көрсетіп жүрген спортшылар да бар.
“Солтүстiк – 2016” қысқы спорт мерекесiнiң алауын жағу және оны алып жүру құрметі конькимен сырғанау спортынан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Татьяна Сокирко мен ел біріншілігінің жүлдегері Светлана Мальцеваға бұйырса, қысқы ойындар туын спорттық бағдарлаудан ел біріншілігінің бірнеше мәрте жеңімпазы, әлем біріншілігінің жүлдегері Әсем Назырова көтерді.
Үш күнге созылған спорт мерекесі барысында президенттік көпсайыс, конькимен жүгіру, хоккей, шаңғы жарысы, биатлон, шайбалы хоккей, футзал және шорттректен мықтылар анықталды. Сайысқа облыс бойынша 500-ден астам спортшы қатысты.
Жарыс қорытындысы бойынша Аққайың ауданының құрама командасы жеңімпаз атанып, 300 мың теңгенің сертификатына ие болды. Ал екінші және үшінші орындарға көтерілген Ғабит Мүсірепов атындағы және Қызылжар аудандары сәйкесінше 200 және 100 мың теңге олжалады. Алаң иелеріне облыс әкімі атынан су жаңа “ГАЗель” автокөлігінің кілті табысталды.
Келесі “Солтүстік” қысқы ауыл спорты мерекесі Айыртау ауданында өтеді.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.