«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫСҚЫ СПОРТТЫҢ БАҒЫ ҚАШАН ЖАНАДЫ?

Қысқы спорт түрлерін дамыту мәселесі – жаза-жаза жауыр болған тақырыптардың бірі. Ауа райы қолайлы, алты ай бойы қар жататын аймақта қысқы спорт түрлері неге кенже қалған? Дамытуға не кедергі немесе шешуін күтіп тұрған қандай мәселелер бар? Осы жайттың әлі күнге дейін шешімі табылмай отырғаны кім-кімді де алаңдатуы тиіс.

Бүгінгі таңда 61 солтүстікқа-зақстандық ел құрамасының сапында өнер көрсетеді. Облыста конькимен жүгіру, шайбалы хоккей, қысқы президенттік көпсайыс және спорттық бағдарлау бойынша нәтиже бар. Ал шаңғышылар мен биатлоншылар, допты хоккей ойыншылары жеңістерімен қуанта алар емес. Сноуборд пен фристайл сияқты қысқы спорт түрлері бойынша үйірмелер атымен жоқ.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Серікбай Сүлейменов қысқы спорт түрлері бойынша қолға алынып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.
– Жыл сайын 40-қа жуық облыс біріншілігін ұйымдастыратын болсақ, соның 7-8-і қысқы спорт түрлерінен өтеді.
Елімізде өткен Азия ойындары мен Универсиададан кейін коньки тебу мен биатлонға бет бұрғандар саны артты. Қала жастарына, спортқа қызығушылық танытқан кез келген тұрғынға Спорт сарайына келіп, коньки теуіп, өзге де спорт түрлерімен шұғылдануға болады, – дейді Серікбай Кәпенұлы.
Қыстыгүндері хоккей корттарына мұз құйылады. Бұл корттар негізінен жалпы білім беру мекемелері мен аула клубтарының жанында орналасқан. Бөлім басшысының айтуынша, қазір облыс бойынша 402 хоккей қорабы бар. Олардың 353-і ауылдық жерлерде.
Шайбалы хоккейді дамыту жұмыстары да соңғы жылдары қолға алынды. 2015 жылы “Қарасай” стадионының жанында жабық хоккей қорапшасы ашылды. Нысанда тәулігіне 200-ге жуық адам жаттығады. Жабық хоккей корты жастың да, жасамыстың да көңілінен шыққан. Себебі, жаттығуға жауған қар да, соққан жел де кедергі емес. Өкінішке қарай, бүгіндері облыс орталығындағы жабық хоккей корттарының саны төртеу ғана. Үстіміздегі жылы тағы бес жабық хоккей кортын салу жоспарланған. Хоккейдің өңірімізде қанатын кең жая алмай жатқанын ел чемпионатында өнер көрсететін “Құлагер” командасының сапында жалғыз жергілікті ойыншы өнер көрсетіп жүргенінен-ақ білуге болатындай.
Әдемі спорт түрлерінің бірі – мәнерлеп сырғанау. Көріп жүргеніміздей, қызылжарлықтардың сүйікті спорт нысандарының біріне айналған Спорт сарайында барлық талаптарға сай, соның ішінде мәнерлеп сырғанауды дамытуға мүмкіндік беретін мұз айдыны бар. Алайда, коньки тебуге машықтанған кәсіби маман жоқ. Бұл жерде бір сағат сырғанау – 300-500 теңге. Ал секцияға жазылу бұдан гөрі қымбат. Спорт сарайының сайтындағы ақпаратқа қарағанда, мұз айдынын бір сағатқа жалға беру 35 мың теңге тұрса, 12 сабаққа арналған абонемент 350 мың теңгені құрайды екен. Яғни, мұның да аталмыш спортты дамытуға кедергі екенін көреміз.
ШаҺарда шайбалы хоккейден алға жылжу болғанымен, допты хоккейдің жағдайы мәз емес. Бүгіндері №23 орта мектепте спорттың бұл түріне баулитын үйірме бар. Ара-тұра допты хоккейге бейімі бар балалар арасында командалар жасақталып, біріншіліктер өткізілуде. Бірақ қысқы спорттың бұл түрімен айналысайын десе, көпшіліктің қалтасы көтермейді. Дүкендердегі хоккей таяғы – 40, коньки – 80, ал арнайы киім – 100-120 мың теңге тұрады. Мұның барлығын алған күннің өзінде облыста кәсіпқой команда болмағандықтан әрі қарай даму жоқ.
Өңірде қысқы спортты дамытуға бірден-бір үлес қосып отырған мекеме – Қазбек Байболов атындағы балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі. Оқу орнында қысқы спорт түрлерінің әліппесін үйрететін сегіз бөлімше бар. Мектептің 21 шәкірті ел құрамасына алынған.
– Мектебіміз қысқы спорт түрлерін дамытуды көздейтіндіктен бұл бағытта арнайы жоспарымыз бар. Бүгінгі таңда мектепте 454 оқушы спорттың сегіз түрі бойынша жаттығады. Біздің мақсатымыз – балалар мен жасөспірімдердің арасынан болашақта еліміздің намысын халықаралық жарыстарда қорғауға қабілетті спортшылар шығару, – дейді спорт мектебі директорының орынбасары Елена Хасенова.
Бүгінгі таңда шаңғышылар тек аталмыш спорт мектебінде ғана емес, өзге елді мекендерде де жаттығады. Мысалы, сексеннің сеңгіріне көтерілген өңірімізге танымал бапкер Виталий Дурнев Қызылжар ауданындағы Новоникольск ауылында оннан астам баланы осы спортқа тәрбиелеп жүр. Сондай-ақ, Рассвет, Сивково ауылдарында, Мамлютка қаласында шаңғы бөлімдері жұмыс істейді. Облыста балалар мен жасөспірімдердің шеберлігін шыңдауға арналған екі шаңғы базасы ғана бар. Олар Петропавлдағы Борки кентінде орналасқан. Мұнда шаңғымен жазда да шұғылдану мақсатында ұзындығы 1,8 шақырым шаңғыроллер және қысқы 5 шақырымдық шаңғы жолдары тартылған. Бұдан бөлек тек Айыртау, Мамлют, Мағжан Жұмабаев және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда арнайы шаңғы трассасы бар. Бір өкініштісі, еліміздің ұлттық құрамасы сапына жергілікті шаңғышылар сирек алынады.
Биатлон жаттығуларына арналған ату алаңы, 150 метрлік айып айналма жолы, нысана қондырғылары да Борки кентінде орнатылған. Биатлоннан облыстың бас жаттықтырушысы Игорь Ильиннің айтуынша, соңғы жылдары облысымызда спорттың бұл түрі бойынша аз да болса ілгерілеушілік байқалуда. Әсіресе, республикалық және халықаралық сайыстарда жарыс жолына шығып жүрген жастарымыздың жетістіктері көңіл қуантады. Жас бапкерлер Әйгерім Ақышева мен Юлия Прапустина балалар арасында насихат жұмыстарын жүргізіп, шалғайдағы ауылдарға дейін шығып, дарынды жастарды іздеген. Десе де, биатлонды да спорттың қолжетімді түріне жатқыза алмаймыз. Жарыстарда жүлделі орыннан көріну үшін спорттық жабдықтар сапалы болуы қажет. Мысалы, шаңғының бағасы 100 мың теңгенің шамасында болса, аяқ киімің 50-55 мың теңге тұрады. Ал ең арзан винтовканың бағасы 50 мың теңгеден басталады. Бұған ұсақ-түйек шығын дарды қосыңыз.
Кәсіби мамандардың жетіспеушілігі де қысқы спортты дамытуда аяққа тұсау болып отыр. Қазіргі уақытта Қазбек Байболов атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 30 жаттықтырушы бар. Олардың төртеуі – бірінші, жетеуі – екінші, ал алтауы – жоғары санатты бапкерлер. Олардың басым бөлі гі – аға буын өкілдері. Ұжымда жас мамандар санаулы ғана. Мәселен, спорттық бағдарлаудан VII қысқы Азиада ойындарының жеңімпазы Аслан Тоқбаев мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған “Үміт” спорт клубына жаттықтырушы болып қызметке орналасқан. Ал Алматыдағы қысқы Универсиадада табысты өнер көрсеткен шаңғышымыз Ринат Мухин соңғы бес жылдан бері бапкерлікпен айналысуда. Петропавлдың өзінде жаттықтырушылар жеткіліксіз болса, ауылдағы жағдай мәз еместігі түсінікті. Елді мекенде қандай да бір бөлімше ашу үшін кем дегенде үш маман болуы тиіс.
Мардымды қаржы бөлінбегеннен кейін ауыл спортшылары сайыстардан шет қалуда. Жоғарыда айтылған мәселелер шешімін тапса, қысқы спортта спортшыларымыздың бағы жануы бек мүмкін.

Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp