Сенбі күні Борки кентінде саламатты өмір салтын ұстанушылар мен спортсүйер қауымға арналып қысқы спорт маусымының жабылуы өтті. Жарыс жолына мемлекеттік қызметшілер, білім беру ұйымдарының қызметкерлері шықты. Жиналғандарды облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев құттықтады.
– Бүгінгі күні дәстүр бойынша шаңғы жарысына саламатты өмір салтын ұстанатындар жиналып отыр. Жыл сайын бұл шараға қатысушылар санының артып отырғандығы қуантады. Солтүстікқазақстандық спортшылардың айтарлықтай жеңістері және спорт сайыстарында сәтті өнер көрсетулері жерлестеріміздің спортпен шұғылдануына түрткі болады. Дүбірлі дода – Алатау баурайында өткен 28-ші қысқы Универсиадада біздің өңіріміздің спортшылары да табысты өнер көрсетті. Ерлер арасында өткен шаңғы жарысынан 7,5 шақырымдық командалық эстафетада Ринат Мухин күміс медаль еншілесе, Жапонияның Саппоро қаласында өткен қысқы 8-ші Азия ойындарында ол Қазақстанға бірінші алтын медальды алып берді. Осы Азия ойындарында конькиші Дмитрий Бабенко қола медальға ие болса, “Құлагер” хоккей клубының ойыншылары 2017 Азия ойындарында Қазақстан құрамасы сапында алтыннан алқа тағынды. Біздің тағы бір жерлесіміз Роман Креч Канаданың Калгари қаласында өткен әлем чемпионатында 500 метрлік сайыста күміс жүлдеге ие болды. Жерлестеріміздің үстіміздегі жылғы қысқы ойындарда бұдан да басқа қол жеткізген жетістіктері бар, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Шаңғы марафонына қатысушыларды Жапонияның Саппоро қаласында өткен Азия ойындарында Қазақстан құрамасының сапында ойнаған “Құлагер” хоккей клубының мүшесі Максим Волков құттықтап, жақсы көңіл-күй мен денсаулық тіледі.
Шаңғы марафонына қатысқан еңбек ұжымдары, мемлекеттік қызметшілер, спорт ардагерлері мен студенттер сертификатпен марапатталды.
Айгүл ХАМЗИНА,
“Солтүстік Қазақстан”.