«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫС – ҚАТАЛ СЫНШЫ

Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментте қыс мезгілінде болуы ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу және өрт оқиғаларына арналған баспасөз мәслихаты өтті.

Жиында департаменттің өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау мен алдын алу қызметі басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Денис Шуваев облыс аумағында орын алған төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша мекеменің атқарған жұмыстары туралы есеп берді.

– Оқыс оқиғалардың алдын алу – департамент мамандарының бірінші кезектегі жұмысы. Жылыту маусымы басталғалы қызметкерлеріміз тұрғын үй секторындағы 20 мың аулада болып, 46 мың адаммен кездесті. Оларға қауіпсіздік ережелері жазылған 23 мыңнан астам жадынама таратылды. Осыған қарамастан, өрт оқиғалары жиі орын алып жатады. Жыл басынан бері облысымызда 601 өрт оқиғасы тіркелсе, оның 411-і тұрғын үй секторында болды. Келтірілген материалдық шығын 38 миллион 589 мың теңгені құрады, – деді Денис Валентинович.

Өкінішке қарай, биыл өрттен 29 адам қаза тапса, олардың жетеуі – бала. 17 тұрғын түрлі дәрежедегі дене жарақатын алған. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда қаза болғандардың саны – 15 пайызға, жарақаттанғандардың қатары 19 пайызға азайған. Өрттің 40 пайызы отты абайсыз қолданудың салдарынан болғаны анықталған.

Баспасөз мәслихатында департаменттің “Жедел-құтқару жасағы” мемлекеттік мекемесі бастығының орынбасары Виктор Держанский жыл басынан бері өңіріміздің су айдындарында қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамағаннан 13 адамның көз жұмғанын хабарлады. Олардың үшеуі – бала. Жуырда жедел-құтқару жасағының мамандары Қызылжар ауданының төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп, Есіл өзенінде кезекті рейд өткізген. Әуесқой балықшыларға үнпарақтар таратылып, өзен жағасында сақ болу қажеттігі ескертілген. Виктор Держанский су айдынында қайғылы жағдайлар орын алмас үшін қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігіне назар аударды.

Жиында жедел-құтқару жасағының қысқа дайындығы туралы сөз болды. Департамент өкілдерінің айтуынша, жасақтың 6 техникасы мен жеке құрамның 53 құтқарушысы төтенше жағдайда зардап шеккендерге көмекке келуге тас түйін дайын.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp