Астанадағы “ЭКСПО – 2017” көрмесіндегі Қытай Халық республикасы павильонында Шаньси провинциясының ресми аймағы ашылды. Салтанатты шараға Солтүстік Қазақстан облысының өкілдері қатысты.
– Облысымыздың экономикасын дамыту үшін Қытайдың қырықтан астам ірі өңдеуші кәсіпорнымен қарым-қатынас орнатқымыз келеді. Сондай-ақ, өңдеу, машина жасау салаларында да ынтымақтастық туралы келісімге келуді көздеп отырмыз. Бұл Қытайдан қосымша инвестиция тартуға және екі ел арасындағы тауар айналымын ұлғайтып, қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін болады, – деді облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек.
Бұл шарадан кейін “Пекин Палас” қонақүйінде Қазақстан-Қытай ынтымақтастық форумы өтті. Мұнда экономиканың түрлі салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту және жаңа байланыстар орнату жөнінде келіссөздер жүргізілді. Атап айтқанда, “Луань” тау-кен компаниясы біздің өңірмен әріптестік қарым-қатынас орнатуға қызығушылық танытты. Бұл компания Қытайдың Шаньси провинциясының көмір өндірумен айналысатын бес ірі корпорациясының қатарына кіреді. Әлем бойынша аталмыш саладағы ең ірі 500 компанияның ішінде 370-ші орында орналасқан компанияның жылдық айналымы 20 млн. юаньді құрайды.
– Өзіміздің жобаларымызды Қазақстанда жүзеге асыру үшін өз технологияларымыз бен жабдықтарымызды әкелгіміз келеді. “ЭКСПО – 2017” көрмесі барысында Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің өкілдерімен кездесіп, болашақта ұзақмерзімді келісімдерге келудің жолдарын қарастырдық. Екіжақты қолдау көрсетілетін болса, қос тарапқа да тиімді салаларда қарым-қатынас орнатпақпыз, – деді “Луань” компаниясының атқарушы директоры Лю Цзюнь.
Басқосу барысында Шаньси провинциясының “Ишэбэй” ғылыми-техникалық корпорациясы да біздің облыспен әріптестік байланыс орнатуға ниетті екенін білдірді.
Екі елдің іскерлік топтарының қатысуымен өткен кездесудің қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі мен “Ишэбэй” ғылыми-техникалық корпорациясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.