Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Қытайдың «Guangcai» компаниясының президенті Чэнь Цзянтаомен жүздесті. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланып, қытайлық мейманға Қызылжар өңірінің инвестициялық әлеуеті таныстырылды. «Guangcai» компаниясы инфрақұрылым мен өнеркәсіптік нысандар құрылысын жүргізу және жасыл энергетика саласындағы жобаларды іске асырумен айналысады.
«Біздің өңіріміз шетелдік инвесторлар үшін әрдайым ашық, болашақта жүзеге асырылатын инвестициялық жобаларға барынша қолдау көрсетеміз», – деді өңір басшысы.
Соңғы жылдары Қытай мен Қызылжар өңірі арасындағы серіктестік табысты дамып келеді. Аспан асты елінің қатысуымен бірнеше инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Май экстракциялау зауытын, құрама жем мен макарон өнімдерін өндіретін элеваторлық-жабдықтау кешенін, сондай- ақ май құюға арналған орауыштар желісін ашқан «Айдзю» компаниясының жобалары шетелдік инвесторларға үлгі ретінде көрсетілуде. Қазіргі уақытта «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағында Шаньдун провинциясынан келген инвесторлар ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін зауыттың құрылысын жүргізуде.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.