
Индустрияландыру картасы аясында “Алаугаз СК” ЖШС көршілес Ресей мен Қытайдың технологиялық құрал-жабдықтарымен жарақтанған қыш кірпіш өндіретін зауытты іске қосты. Бұл мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығында жүзеге асырылған 9-шы жоба. Оның жылдық жобалық қуаты 3,6 млн. дана кірпішті құрайды. Жаңа өндірісті іске қосу салтанатына облыс әкімі Ерік Сұлтанов қатысты.
– Астана қаласының туған күні мерекесі қарсаңында облыста кірпіш шығаратын жаңа өндіріс орнын ашып отырмыз. Оның әлеуметтік маңызы зор, өйткені бүгінде өңіріміздегі тұрғын үй құрылысы жылдам өсу үстінде. Яғни, құрылыс материалдарына, соның ішінде кірпішке деген сұраныс көбеймесе, төмендемейді. Облысымыздың құрылыстық кірпішке деген сұранысының жылына 10 млн. данаға дейін жететінін ескерер болсақ, жаңа кірпіш зауытының іске қосылуына байланысты жергілікті құрылыс компанияларының өзге өңірлерден тасылатын материалға тәуелділігі үштен бірге кемитін болады. Біздің құрылысшыларымыз кірпішті енді, негізінен, осы кәсіпорыннан алатын болады, – деді Ерік Хамзаұлы.
Салтанатты жиында сөз алған кәсіпорын басшысы Александр Фельдман зауыттың бәсекеге қабілетті жұмыс істеуге ұмтылып, өнім бағасын өсірмеуге тырысатынын тілге тиек етті. Негізгі құмбалшық шикізаттары жақын жердегі карьерден алынатындықтан және жергілікті өнімнің тасымал шығындарының төмендігінен әрбір кірпіштің бағасы 50 теңгеден аспауы тиіс. Содан кейін өңір басшысы өндірісті ресми түрде іске қосу рәсімін жасады. Жиын соңында салтанатты шараға қатысқан құрылыс ұйымдарының жетекшілері жаңа зауытпен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.
… АСФАЛЬТБЕТОН ҚОСПАСЫ ЗАУЫТТАРЫ АШЫЛДЫ
Индустрияландыру картасының екінші бесжылдығы аясында “Универсал фирмасы” ЖШС “Асфальтбетон қоспасы зауытын салу” жобасын жүзеге асырды. Соған орай өткізілген шараға облыс әкімінің орынбасары Владимир Бубенко қатысып, бірегей зауытты іске қосты.
Кәсіпорынның өндірістік алаңына америкалық “Doubl Barrele 6” компаниясының заманауи “Astec” асфальтбетон зауыты орнатылған. Ол бір сағатта 160 тонна жылы асфальтбетон қоспасын немесе қиыршықтасты-мастикалық асфальтбетон немесе полимерлі және түрлі түсті асфальтбетон шығара алады. Бұл өнім асфальт төсеу мерзімін қысқартатындығымен, асфальт жабылғысы тығыздығын арттыратындығымен, ескі асфальтбетонды қайта өңдей алатындығымен және өнімді жылдың кез келген уақытында пайдалануға болатындығымен ерекшеленеді. Оның үстіне өндіріс орны сұйытылған газбен жұмыс істеп, атмосфераға көп зиян келтірмейді.
Зауыттың жобалық қуаттылығы облыстың сапалы асфальтбетон жабылғысына деген қажеттілігінің 70 пайызын өтеуге жетеді.
– Бұл – жыл басынан бері жүзеге асырылып отырған оныншы жоба. Облысымыз үстіміздегі жылы 300 шақырымнан астам автомобиль жолдарын жөндеуден өткізбек. Асфальтбетон қоспасын шығаратын кәсіпорын өңірдегі жолдардың сапасын арттыруға және оның қарқынын тездетуге өзіндік үлес қосатындығына сенімдімін, – дей келіп, Владимир Степанович ашық аспан астындағы алып жабдықты іске қосты.
Серіктестіктің бас директоры Игорь Гришановтың айтуынша, аталмыш зауыттың облыста ғана емес, республикада да әзірше теңдесі жоқ. Онда өндірілген өнім нарыққа шығарылады.
Салтанатты рәсімнің соңында зауыттың бас директоры Петропавл қаласы әкімдігімен, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен, “Казавтодор”, “Петропавл жолдары” серіктестіктерімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Тоқтар ЗІКІРИН,
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.