«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫШ ӨНЕРІН ҚОЛҒА АЛДЫ

Жақын арада Ақжар ауданында атамыздан мұра болып қалған қыш өнері қолға алынбақ. Серікбай Іздуәлиев басқаратын жергілікті өнер мектебі қыш сазынан бұйымдар жасайтын арнайы қондырғы сатып алып, Талшық ауылының балаларын көне өнер түріне баулымақ.

Көлемі орташа орындық іспеттес қыш станогы көп орын алмайды. Өзі электр қуаты арқылы істесе де, қауіпсіз. Станоктың үстіндегі шеңбері қырық-елу сантиметрдей тегене сынды ыдыс ішінде ұста қыштан түрлі бұйымдар жасайды. Бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі Ержан Мүсіповтің салалы саусақтары санаулы минуттардан кейін қамырға ұқсас пішінсіз кесектен әп-әдемі шағын құмыраны иіріп шығарды.

Ұялы ауылдық округінің тумасы Ержан Кенжеболатұлы – Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеттің түлегі. Туған өлкесіне мемлекеттік бағдарламамен келіп, жас буынды бабамыздың көне кәсіптерінің бірі – қыш өнеріне баулымақ. Сабақ екінші тоқсаннан бастап оқыту бағдарламасына енгізіледі. Мектептің 148 оқушысының 16-сы сурет салу бөліміне қатысып жүр. Енді қыш өнерінің тылсым құпиясын ашатын болады. Бүгіннің өзінде түрлі пішінді құмыра, киіз үй, табақ, ысқырғыш сияқты бұйымдар мұғалімнің қолымен жасалып, көздің жауын алып тұр.  

Жас маманның айтуынша, қыштан бұйым жасайтын шикізат Шымкент өңірінен әкелінген. Килограмы – 700 теңге. Зертхананың арнайы сараптауынан өткен қыш шикізаты мүлдем залалсыз. Таза экологиялық өнім.

Мектеп директоры Серікбай Қабыжанұлы қыш өнерінен сабақ беруге бел буған облысымызда бірде-бір мектеп жоқ екендігін атап айтты.

Алдағы уақытта өнер мектебін көптеген іс-шаралар күтіп тұр. Қыс уақытында кәсіптік мектеп пен колледждер арасында облыс көлемінде қолданбалы өнерден арнайы көрме ұйымдастырылады. Сонда Ержан Мүсіпов шеберлік сыныбын өткізіп, тәжірибесімен бөліседі. Ал ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы және өнер мектебінің 5 жылдығына орай 2016 жылдың 25 наурызында мектепте семинар өтпек.

– Халық аспаптары мен хореография саласын әжептәуір деңгейге көтердік. Ендігі міндетіміз – қыш өнерін елімізге паш ету, соған бар күшімізді саламыз. Аудан әкімдігі қыш өнерінен сабақ беруге арнайы жеке кабинет бөлді, – деді мектеп басшысы.

Болат ӘМРИН.

Суретті түсірген автор.

Ақжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp