“Қызылжар су” ЖШС өткен жылды қорытындылап, Петропавлды сумен қамту жұмыстары бойынша есеп берді.
Қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында серіктестік қызметкерлері инвестициялық бағдарламалардың көмегіне жүгініп, тозығы жеткен құбырларды біртіндеп жаңартуды қолға алған екен.
– Инвестициялық бағдарлама аясында 117 млн. теңгеге сорғы станциясын қалыпқа келтіру шаруалары басталды. Ол жұмыстар биыл да жалғасатын болады. Тағы 97 млн. теңгеге энергия үнемдейтін сорғы агрегаттары, 20 млн. теңгеге жаңа техника алынды. Коллекторларды жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжаттарды дайындауға да қаржы жұмсалды, – деді серіктестіктің техникалық директоры Арман Сауытов.
“Қызылжар су” ЖШС-іне тиесілі құбырлардың жалпы ұзындығы 326,3 километрді құрайды. Ал кәріз желісі 240,1 километрге созылып жатыр. Бүгіндері су құбырларының 72 пайызы, кәріздік жүйелердің 60 пайыздан астамы тозған. Былтыр кәсіпорын жөндеу жұмыстарына 400 млн. теңгеден астам өз қаржысын жұмсаған. Нәтижесінде 9,4 шақырым су құбыры мен 4,5 шақырым кәріздік жүйелер жөнделіпті.
Жиында тұтынушылар жауапкершілігі туралы да сөз болды. Қазіргі таңда олардың кәсіпорын алдындағы қарызы 21 млн. теңгеден асқан. Көрсетілген қызмет үшін ақы төлеуден бас тартатын петропавлдықтардың көбінің ісі сотта қаралуда.
Мағжан АХМАДИНА,
журналист.