“Сен – менің 46 жасымда туған тұңғыш ұлымсың. Сенен кейін де 4 бала дүниеге келді. Атыңды Тілеген қоюымда да үлкен мән-мағына жатыр. Бұл “Құдай деген құр қалмас” деген сөздің дәлелі емес пе? Кешегі ел басына күн туған сұрапыл соғыста маңайымдағылардың көпшілігі баудай түсіп, қырылып жатса да, соғыстың басынан аяғына дейін қатысқан маған бір оқ тиген жоқ. “Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі” деген нақылдың өмірден алынғанын бастан өткіздік. Құдайдың барлығына, Пайғамбардың хақтығына, Құранның шындығына шүбә келтіруге болмайды. Оған тек қана сену керек”, – деуші еді әкем жарықтық кешегі қылышынан қан тамған құдайсыздар заманының өзінде. Сәби кезімізден қанға да, жанға да сіңіп қалған әкемнің уағыздары бізге де әсерін тигізбей қоймады. Есейе келе, қандай биліктің тұтқасын ұстап жүрсек те, ішкі түсінік-түйсігімізден фәни дүниедегі тіршілік атаулының жаратушысы, адамзаттың қамқоршысы, құдіреті күшті Құдайды естен шығарған жоқпыз. Сол Ұлы Жаратқанға деген риясыз сенім мен сезімнің нәтижесі-ау деймін, өмірімде бірнеше рет тілмен айтып жеткізгісіз таңғажайып оқиғаларға кезіккенім де рас.
Сол жылдары бұрынғы Ақмола қаласындағы Целиноград ауыл шаруашылығы институтының агрономдар даярлайтын факультетінде сырттай оқитынмын. Өз туған ауылымда 300-дей шаңырағы бар ұлпа-отан жұртымды басқаратынмын. Жиырма жастың бел ортасына келген кезім.
Ол кезде ауданымызды парасаты – кісілігінде, кісілігі – кішілігінде деп танылған дара тұлға Ніл Адғамұлы Болатбаев басқаратын. Ол адам тәрбиелеуді, әсіресе, алдынан үміт күттіретін жас кадрларды қолдап-қолпаштауды, оларға ақыл-кеңес беруді бар жұмысының басына қоятын нағыз тәлімгер жан еді. Есілдің бергі бетіне шықса, біздің ауылға соқпай кетпейтін. Кездесе қалса: “Сенің жоғары білім алуың керек, оқығаның жөн”, – дегенді жиі қайталайтын. Өтпелі уақыт зымырап өтіп жатты. Менің оқуға түсуім де созыла берді. “Маған осы да жетеді” дедім бе екен, өзім де онша асыға қоймадым. Бірде құрметті Нәкең мені аупарткомға шақыртып алды да, қолыма жолдама ұстатып, оған қоса мінездеме беріп, оқуға жіберді.
Енді басымнан өткен хикаяға көшейін. Целиноград ауыл шаруашылығы институтының энтомология кафедрасының меңгерушісі қаталдығы тас жаратын Людмила Роктанен болатын. Оның сабақ беру мәнері, студенттерден емтихан алу әдістері басқаларға ұқсамайтын.
Энтомология – зиянды, зиянсыз жәндіктерді, олардың өсіп-өнуін, дамуын зерттейтін өте күрделі ғылым. Қалыңдығы 700-800 беттік кітапта жәндіктердің мыңдаған түрі болады. Студенттер солардың кем дегенде 70-80 пайызын жатқа білулері керек. Әсіресе, зиянды жәндіктерді жоюдың әдіс-амалдарын, олармен күресу жолдарын жақсы білгендері жөн. Мұғалім студенттерден, яғни болашақ агрономдардан соны талап етеді. Жәндіктердің тек орысша ғана емес, латынша аттарын шемішкедей шекілдетуің міндет. Яғни, бұл сабақтың миға түсірер салмағы зіл-батпан. Оның үстіне әр студент өзі тұратын жердегі жәндіктердің жеті түрінің жұмыртқасынан бастап, толық дамуының коллекциясын жинап әкелуі талап етіледі. Бұл сабақтың қиындығы да сонда. Өз басым қалың шөптің арасынан құрт-құмырсқаның жұмыртқаларын жинауға талай талпындым. Қысқасы, бұл жұмыстың менің қолымнан келмейтініне көзім анық жетті.
Жыл басында өтетін сессияға жәндіктерсіз бардым. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген студенттерден сұрастырсам, оларда да коллекция жоқ. Энтомологиядан емтихан үшінші курста. Яғни, оны биыл тапсыруым керек. Тапсыра алмасам, артыма “құйрық” байланады. Бұл келер жылға энтомологиядан қарыз деген сөз. Ал қарыз дегенді жаным сүймейді. Барар жер, басар тауым қалмағандай. Қысылғаннан Алланы ауызға аламын. Маңайымдағы курстастарыма қарасам, бәрінің де төртеулері түгел емес сияқты. Мұның мәнісі неде десем, энтомологиядан “қарыз” емес студент жоқ екен. Бірақ жағаны кеңге салуға да болмайды. Қарыздан қалай да құтылу керек. Онсыз диплом жоқ.
Дәл сол күні басыма аспан ақтарылып кеткендей бір жағдай болды. Таңертеңнен ойым да, бойым да сергек. Көңілім көтеріңкі еді. Институттың екінші қабатындағы ұзын дәлізімен ақырын аяңдап келе жатқам. Кенет арқа тұсымнан белгісіз біреу итермелегендей болған соң тезірек қимылдап, қарсы жақтағы ашық тұрған энтомология пәнінің кабинетіне маңдай тіредім. Байқасам, төр жақтағы жалпақ үстелде кафедра меңгерушісі Людмила Роктанен бір студенттен емтихан қабылдап жатыр. Басқа мұғалімдер емтиханға 4-5 студенттен топтап енгізсе, мына ханым біреулеп қана енгізеді. Өзі қарсы алдыңа қақшиып отырып алады да, ана-мына артық қимыл жасатпайды.
Кіреберістегі есікке қарай қойылған екінші үстелде ассистент мұғалімге екінші студент жәндіктердің коллекциясын тапсырып жатыр. Тірісі бар, спиртке салып қатырып тастағаны бар – бірнеше түрлі жәндіктердің коллекциясы жайылып кеткен малдай аумағы атшаптырым деп айтарлық жап-жалпақ үстелдің үстіне сыймай кетіпті. Мұндай ғаламат көріністі мен өмірі көрмеппін. Емтихан тапсырушы студент шын мәнінде оқу озаты болар деп ойладым. Өзім есіктің кіреберісіндегі бос орындыққа кезегімді күткен адамша отыра қалдым. Қолымда папкам болғанымен, оның іші бос. Неге отырғанымды өзім де білмеймін. Әлден уақытта ана студент жәндіктерін тапсырып болды. Ассистент мұғалім төрде отырған профессорға “коллекция тапсырылды” деп баяндады. Емтихан тапсырып отырған студент сынақтан аман өтсе керек. Оның орнын менің алдымдағы “оқу озаты” басты. Тапсырылған жәндіктердің коллекциясын биік жәшіктің үстіне жинастырып қойған екінші мұғалім: “Отыр, коллекцияңды жайып көрсет”, – деп жалпақ үстелді нұсқады.
Қайдағы коллекция?! Жүрегім аттай тулап, үлкен папкамның ашылуын күтіп тұрған аласа бойлы, толықша келген сымбатты әйелге қарап, менде түк те жоқ дегендей екі иығымды қушиттым. Пәленің басы осыдан басталатын шығар деп бойымды үрей билеп алған. Құрыған жерім осы болар деп тұрмын. Сөйткенде, мұғалім әйел көз жеткісіз жылдамдықпен ана жігіттің өткізіп кеткен жәндіктерін менің алдыма қойып үлгерді. Ептеп дайындығым да бар еді. Арасында білетін жәндіктерім де бар екен. Танитын жыбырлақтарды қаттырақ айтып, профессор әйелге естірте сөйлеймін. Жанымдағы жанашыр мұғалім өте бір сұңғыла, бетіңе қарап ойыңды тап басатын адам екен. “Дұрыс айттыңыз, жарайсың!” – деп көтермелеп қояды.
Қысқасы, Ұлы Жаратқанның жетелеуінің, жанашыр мұғалімнің сүйемелдеуінің арқасында мен энтомология сабағынан коллецияны да, емтиханды да жақсы бағаға тапсырып, өзімше бір ғажап іс тындырдым. Бұл “ерлігіме” курстас жолдастарым сенбей-ақ қойды. “Энтомологиядан бір барғанда коллекция әрі емтихан тапсыру мүмкін емес. Сен басқа бір амалын жасаған шығарсың…” – десетін.
Шындығында, бұл Ұлы Жаратушының қолдауы, жақсылыққа бастауы еді деген сенімдемін.
Тілеген ЖЕТЕЕВ.
Жамбыл ауданы.