Қазақтың бар қасиетін бойына жиып, осы күнге аман жеткізген басты құндылығымыз – күй өнері. Он саусағынан өнер төгілген күйшілердің арқасында сайын даламыздың сан ғасырлық тарихы мен ұлтымыздың арман- мұраты әсем әуенге айналып, осы күнге жетіп отыр. Мың жылдық тарихы бар қасиетті қара домбыраның құдіретін ұрпаққа танытып, ұлттық өнерімізді жаңа заманға аманаттау – аға буынның міндеті. Осы міндетін абыроймен атқарып, соңынан шәкірт ертіп, теріскейдегі домбырашылық өнердің өріс алуына әсер еткен жандардың бірі – Тойкен Күдерова. «Күдер» ансамблінің құрылғанына бүгінде 30 жыл толып отыр.
Ол ұлттық өнердің басына үйірілген бұлт сейіле қоймаған, халқымыз өз бағытын енді айқындап, өткеніне жаңа-жаңа бет бұра бастаған кез еді. Домбыра үйренеміз деген талапты балалар қаладағы оқу орнына түседі. Сарыауыз жастардың талабы болмаса, бәлендей музыкалық білімі де, орындаушылық қабілеті де жоқ. Соған қарамастан Тойкен Қабиқызы білім беру ісіне білек сыбана кірісіп, шәкірттерін аз уақытта шебер домбырашы етіп шығарды. Сөйтіп, «Күдер» ансамблінің негізі қаланды.
– Өнердің әуесқойлық және кәсіби деңгейі бар. Менің мақсатым әуесқой жастарды кәсіби домбырашыға айналдыру еді. Осы жолда аянбай еңбек етіп, ансамбльге дарынды жастарды топтастыруға тырыстым. 43 жылдық педагогикалық қызметімде 500-ге жуық шәкіртке тәлім беріп, ұлттық өнердің жанашырына айналуына себепші болдым. Ансамбль негізінде өзге де өнер ұжымдары қалыптасып, бүгінге дейін теріскейлік көрерменді қуантып келеді, – дейді Тойкен Күдерова.
Ел білетін Сегіз сері атындағы халық аспаптар оркестрі де – «Күдер» ансамблі аясында құрылған өнер ұжымы. Келе-келе қатары толығып, қанат жайып, тұтас оркестрге айналды. Сол сияқты Абай атындағы қазақ мектеп-гимназиясындағы «Өнер» орталығы, Қызылжар ауданындағы «Мерей» өнер мектебі, облыс орталығы мен Мамлют, Тимирязев ауданындарындағы жас өнерпаздар мектебінің ашылуына да осы ансамбль себепші болған. «Күдер» ансамблінен қанат қаққан дарындар өңірімізде ғана емес, өзге аймақтардағы ұжымдарда да жемісті еңбек етіп келеді. Олардың арасында ұстаздық жолды жалғастырып, оқушыларға тәлім беріп жүргендері де бар.
Үш онжылдықта бірнеше буын өнерпаздар ауысқан дом бырашылар ансамблінің жеткен жетістіктері де жетерлік. Дарынды жастар Молдавия, Испания, Ресей, БАӘ елдерінің сахнасында өнер көрсетіп, шетелдіктердің қошеметіне ие болған. 2018 жылы ансамбль республикалық «Ақжелең» байқауында, бір жылдан кейін Дубайда өткен халықаралық «Jumeirah Sounds» сайысында бас жүлдені еншілеген. «Сибирь зажигает звёзды», «Роза Ветров», «Астана – мерей», «Айналайын», «Шабыт» тағы басқа фестивальдар мен байқауларда сәтті өнер көрсеткен жастар жүзден астам жүлделі орын еншілеп, өңір мерейін өсіріп келеді.
– Білім беру ісінде әр оқушымен жеке жұмыс істеу маңызды. Баланың шығармашылық ой- өрісін дамыту белгілі бір техникалық дағдыларсыз мүмкін емес. Оқушыдан дарынды өнерпаз шығу үшін оның әр қадамын бақылап, жетістігін байқап, ата- анасымен тығыз жұмыс істеп, бірнеше жылға арналған жеке жоспар жасау керек. Өз жұмысымда жастарды түрлі байқауларға дайындауға да басымдық беремін. Бұл олардың кәсіби деңгейін арттырады. Мен ұлттық өнеріміздің тынысы ашылмай жатқан уақытта, домбырашылық өнерді жаңа деңгейге жеткізіп, өңірімізде ілгері дамуына үлес қосқаныма қуанамын. Қырық жыл бұрын екі ішекті домбырамен ұлттық музыкамызбен қатар әлемдік өнер жауһарларын орындау мүмкін екенін ешкім де елестете алмаған еді, – дейді Тойкен Қабиқызы.
Ансамбль мүшелері өңірдегі мәдени шараларға да белсенді қатысып келеді. Бұдан бөлек, өнер ұжымының ұйытқы болуымен өткен тақырыптық кештер де көп. «Жан, жүрек жылуы», «Сиқыр сазды, қос ішекті домбыра», «Жарқын бейне», «Жаңа ғасыр – жаңа «Күдер», «Өнері өрге жүзген» – «На вершине творчества», «Кілт үзілген күй- ғұмыр» сияқты концерттерге жиылған жұрт талай мәрте өнерпаздардың талантына тәнті болып, таңдай қағып кеткен. Құрманғазы, Мағжан Жұмабаев, Жамбыл Жабаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсіреповтерге арналған кештер де қызылжарлықтардың құлақ құрышын қандырды.
Өнер – мәңгілік мұратқа бастайтын қасиетті жол. Осы жолда «Күдер» ансамблі дарынды жастар тәжірибе жинап, кәсіби қабілетін шыңдайтын шеберхана іспетті. Домбыраны жанына серік еткен жастар есімі елге танылған ұжым құрамында өнер әлемінің қыр-сырын танып, болашақ бағдарын айқындайды.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».