“Туу туралы, неке қию және бұзу туралы, қайтыс болу туралы куәліктер жоғалған жағдайда қайталама куәлікті қалай және қайдан алуға болады?” деген оқырман сауалына облыстық әділет департаменті апостильдеу және азаматтық хал актілерін тіркеу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру бөлімінің маманы Жанар Әбуова жауап береді.
Қолданыстағы куәлік жарамсыз деп танылса немесе жоғалса, азаматтық хал актілерін тіркеу туралы қайталама куәлік жасату қажет. Азаматтық хал актілерінің қайталама куәліктері азаматтарға Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы беріледі. 18 жасқа дейінгі балалардың туу туралы қайталама куәліктері ата-аналарына, қамқоршыларына және сол балаларды тәрбиелеп отырған балалар мекемесінің өкілдеріне табыс етіледі.
Егер бала кәмелеттік жасқа толған жағдайда жеке басын куәландыратын құжатын дайындап үлгермесе немесе құжаттандыру үшін туу туралы куәлігі болмаса, онда кәмелетке толған баланың өзі немесе ата-анасы көші-қон полициясы бөліміне барып, жеке басын анықтайтын хаттама толтырып, АХАТ органына қайталама туу туралы куәлік сұрату сұранысын жолдау қажет.
Қайтыс болу туралы қайталама куәліктер қайтыс болған адамның туыстарына, мұрагерлік іс шеңберіндегі азаматтарға беріледі.
Қайталама куәлігін алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінген азаматтың төмендегідей құжаттары болуы қажет:
– қайталама куәліктерді және мұрағаттық анықтамаларды тапсыру бойынша берілген үлгідегі өтініші;
– жеке басын куәландыратын құжаты;
– мемлекеттік баж салығының түбіртегі.
Куәлік өтініш берушінің қажетті құжаттарды тапсырған мерзімінен бастап 5 күнтізбелік күн ішінде жасалады. Ал дайын құжаттар 5-ші күні табыс етілмек.
2010 жылдың қыркүйегінен бастап кез келген азамат “Электронды үкімет” порталы арқылы қайталама куәліктер алуға мүмкіндігіне ие. Ол үшін электрондық сандық қолтаңбаның болуы қажет.