«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰЖАТ АЛУ ЖЕҢІЛДЕДІ

Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен кезекті баспасөз мәслихатында Әділет министрлігіндегі тіркеу қызметі туралы заңнамадағы жаңашылдықтар мен өзгерістер жайлы айтылды.

Облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Гүлнәр Қожахметова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік қызмет көрсету үрдісінің 90 пайызын электронды форматқа көшіру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында бірқатар шаралар қолға алынғанын тілге тиек етті. “Мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру, автоматтандыру және жеделдетуде артық әкімшілік рәсімдерді, қағаз түріндегі құжаттарды азайтудың, “бір терезе” қағидаты бойынша көрсетілетін қызметтердің аясын кеңейтудің маңызы зор”, – деді Гүлнәр Қалиқанқызы.
Заңнамадағы өзгерістер өткен жылдың желтоқсан айында күшіне енді. Жылжымайтын мүлікке құқықты растау, азаматтық хал актілерін және заңды тұлғаларды тіркеу секілді қызмет түрлеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Мысалы, осыған дейін туу, некені бұзу туралы куәліктер алу, аты-жөнін өзгерту, тағы басқа құжаттар азаматтардың тіркелген мекенжайы бойынша ғана берілетін еді. Енді оларды еліміздің кез келген жерінде жүріп ала беруге болады. Облыстық әділет департаментінің бөлім басшысы Татьяна Горичеваның айтуынша, бұл барлық мемлекеттік органдар жұмысының электронды форматқа көшуінің нәтижесінде мүмкін болды.
Мемлекеттік қызметті оңтайландыру мақсатында “Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы” туралы кодекстің елуден астам тарауына өзгеріс енді. Атап айтқанда, бала асырап алуды және әкелікті белгілеуді, сондай-ақ, сот шешімі негізінде некені бұзу сияқты акт жазбаларынан мемлекеттік тіркеу алынып тасталды. Балаларын шетелде дүниеге әкелген қазақстандықтар туу туралы куәлікті сол елде ресімдейтін еді. Енді ата-ана мұндай құжатты қазақстандық үлгіге еш қиындықсыз ауыстыра алады. Заңнамаға сай некені бұзу тәртібі де өзгерді. Сот шешімі автоматты түрде күшіне енеді. Облыстық әділет департаменті мамандарының айтуынша, өткен жылы екі мыңға жуық ерлі-зайыпты дәм-тұзы жараспай, ажырасып кеткен.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp