Елімізде кезең-кезеңімен e-HR жүйесі енгізілмек. Соның нәтижесінде 2019 жылдан бастап еңбек келісімшарты онлайн-режімде жасалады. Қазіргі уақытта жұмыс беруші мен жұмыс іздеушінің арасындағы іскерлік құжаттарды жүргізудің осындай әдісі өте маңызды болмақ. Себебі, кейбірі қашықтықтан жұмыс істейді. Болашақта адамдарға жұмысқа орналасу үшін тек жеке куәлік қана қажет болады. Қалған құжаттар дерекқорда сақталады.
Еңбектің электронды биржа базасына цифрлық форматтағы жұмысшы профилін енгізу жүйесі мен еңбек келісімшартының есебі құрылады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері жұмыс берушілерге жеке электронды істерді құруды ұсынады. Жұмысқа тұру кезінде адамдар құжаттар пакетін ұсынған кезде олардың ЖСН нөмірін бірден жеке мәліметтерді өңдеуге жіберу ұсынылады. Осының арқасында жұмыс беруші тексерілген электронды ақпаратты, яғни цифрлық жеке істі ала алады. Әрі қарай онлайн режімде жұмысшының құзыретін растауға болады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев мұндай әдіс қағаз бастылықты жоюға, еңбек кітапшаларынан бас тартуға көмектесетінін айтады. “Осы жүйе жүзеге асқан жағдайда қазақстандықтар жұмысқа тек жеке куәлікпен ғана кіре алатындай жағдай жасалады. Диплом және медициналық анықтама секілді басқа да құжаттар мәліметтер базасында сақталады. Біз құжаттарды ресімдеу жұмысын жеңілдетіп, жұмысшы мен жұмыс берушінің арасындағы өзара қарым-қатынасты электронды форматқа ауыстырғымыз келеді. Мәселен, егер адам жұмыстан шығып қалса, автоматты түрде оны еңбектің электронды биржасына кіргізе аламыз”, – дейді Нариман Мұқышев.
Жүйенің тиімділігін тексеру үшін қанатқақты жоба Қазақстан аумағында басталып кетті. Электронды еңбек келісімшартына 2019 жылы толығымен өту көзделіп отыр. Сондай-ақ, “enbek.kz” сайтында өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтар үшін электронды тіркеу жүйесін енгізу жоспарлануда.
Аян БЕКЕНҰЛЫ.