Өткен ғасырдың сексенші жылдарының басында біздің облыс орталығының “Металлист” атты хоккей командасы КСРО чемпионатының “А” тобында ойнап, Ленин атындағы зауыттың қолдауымен айтарлықтай өнер көрсеткен еді. Арнайы мұз айдыны болмағандықтан, хоккейшілер ашық алаңда ойнаса да, жанкүйерлер мұз үстінде тұрып-ақ жекпе-жектерді тамашалайтын. Сол командамызды әйгілі жаттықтырушы, Челябинскінің “Тракторын” басқарған Анатолий Кострюковтың шәкірті Анатолий Чегодаев баптағанды. Бурмистров, Павлов, Титенков үштігінің ойын өрнегі әлі күнге жанкүйерлердің жадында.
Команда өз тобында көш бастап жүрген кездер есімізде. Алайда, “Металлист” ыдырап, қаламыз командасыз қалды.
Содан бері отыз бес жылдан асты, ал жанкүйерлер хоккей командасын армандап жүрді…
Енді қуанышымызда шек жоқ! Өңір басшысы Ерік Сұлтановтың бастамасымен “Құлагер” атты команда құрылып, жоғары топта ойнап жүр.
Көшелерде ілінген жарнамалардағы “Құлагерді қолдайық!” деген ірі жазулар көзімізге оттай басылады.
Сондықтан мен “Құлагердің” президенті Болат Қарабалиннің ұялы телефонының нөмірін тауып алып, әңгімеге тарттым.
– Әзірге төрт ойын өткіздік. Екі рет ұтып, екі ойында қарсыластарға есе жіберіп алдық, – деді Болат Әлібайұлы.
Команда басшысы оны құрудың ұйытқысы әрі басты демеушісі болып отырған өңір басшысына үлкен ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, “Құлагер” ойыншыларының орта жасы – жиырма бес жас. Құрамында Беларусьтен және Финляндиядан шақырылған сырт ойыншылар бар. Олар – алты адам. Сондай-ақ, ресейліктер де ойнайды. Қалғандары – қазақстандықтар.
Петропавлдағы Спорт сарайы пайдалануға берілгенше “Құлагер” өз алаңы ретінде Көкшетауда ойнайды. Алаңды жалға алған. Ал негізгі жаттығатын жері – Теміртаудың спорт сарайы.
Осы соңғысының сырын білмек ниетпен сұрағанымда:
– Мен іскер адаммын. Кезінде Теміртаудың “Арыстан” командасын құрып, басқарған тәжірибем бар. Сондықтан “Құлагердің” де тізгінін қолға алдым. Біз оның бас жаттықтырушысы Вячеслав Беланмен бірге команданың тұрақты құрамының сақталуына қол жеткізіп, жерлестерімізге жеңіс тарту етуге тиіспіз, – деді Б. Қарабалин.
Соған қоса, ол Петропавлдағы және облыс аудандарындағы спорт мектептерінде балаларды тәрбиелеп, машықтандыруды жақсы жолға қойғанда ғана жас ойыншылармен қатарды толықтыруға болатынын айтты.
Петропавлдық жанкүйерлердің “Құлагермен” қауышатын күні алыс емес. Оған құтты қадам тілейік.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.