«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚҰЛАГЕРДЕ” ҚОРҒАНДЫҚТАР ОЗДЫ

Қызылжар ауданындағы “Құлагер” ипподромында тректік ипподромдық жарыс бойынша Орал, Сібір және Қазақстан біріншілігінің алтыншы кезеңі және ел біріншілігі өтті. Оған Түмен, Қорған, Омбы және Петропавл қаласынан 17 үміткер қатысты.

Бұған дейін Ресейдің Омбы, Қорған, Түмен және Барнаул қалаларында өткен автожарыстың бес кезеңінің жалғасы болған дода барысында сынға түскен спортшылардың тек жетеуі ғана – қазақстандықтар. Сайыс ережесі бойынша бұл жарыстың ақтық кезеңі Новосібір қаласында өтеді.  

Тілшілердің сауалдарына жауап берген автожарыстың бас төрешісі, облыстық автомото спорт федерациясының вице-президенті Владимир Жуковень бұл күні 6 рет жарыс жолына шығатын спортшылар ұзындығы 1,2 шақырым ипподромды 4 рет (5,2 шақырым) айналатындығын хабарлады. Бас төрешінің айтуынша, бұл жарысқа жіберілген жеңіл көліктер қозғалтқыштарының көлемі 1600 текше сантиметрден аспауы қажет екен.

Шұғыл бұрылыстардан қиналмай өтіп, ипподромның айнадай жалтыраған жолдарында өнер көрсеткен автокөлік жүргізушілеріне келсек, жекелей есепте Қорған қаласының спортшысы Юрий Макаров бас жүлдені иеленді. Солтүстікқазақстандық автоспортшы Дмитрий Шарапаев мәре сызығын екінші болып кесті. Ал омбылық Игорь Усов үшінші орынға табан тіреді.

Жалпыкомандалық есепте Қорған қаласының спортшылары жеңістің бірінші сатысына көтерілді. Ал петропавлдықтар мен омбылықтар сәйкесінше екінші және үшінші орындарға ие болды.

Негізгі жарыс аяқталысымен үздік атанған 6 спортшы КСРО-ның спорт шебері Виктор Андруханы еске алуға арналған супер жарысқа қатысып, онда 6 айналымда омбылық Игорь Усов жеңіске жетті.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp