Петропавлдың “Құлагер” хоккей командасы Қазақстан кубогын жеңіп алды. Осылайша ел чемпионатының өткен жылғы қола жүлдегері маусымды жарқын жеңіспен бастап отыр. Былтыр ғана құрылған ұжым үшін бұл үлкен жетістік.
Кубок жолындағы алғашқы матчтар Көкшетау қаласындағы мұз айдынында өтті. Бірінші ойында елордалық “Астана” хоккей клубымен кездесіп, Максим Волков, Виталий Кирющенков, Сергей Жаворонков және Анатолий Васильевтер шайба соғып, 5-2 есебімен жеңіске жеткен. Жерлестеріміз екінші ойында да қарсылас шыдатпады. Бұл жолы Қарағанды облысының “Теміртау” клубымен мұз айдынына шыққан. Тағы да ірі есеп тіркелді. Бұл ойында Максим Горечишников, Максим Волков, Илья Ахметов, Михаил Качулин және Сергей Жаворонковтардың қанжығалары майланды. Топтағы үшінші кездесуде “Құлагер” кезекті рет шашасына шаң жұқтырмады. Руслан Журня, Иван Рыбчик және Максим Волков үшеуі төрт шайба соқты. 25 соққыны қайтарған қақпашымыз Андрей Янков үздік ойыншы атанды.
Топтағы соңғы ойынды азуы алты қарыс көкшетаулық “Арланға” қарсы өткізді. Былтыр чемпионатта көрші команда көмбеге бізден бұрын жетіп, күміс медаль еншілеген болатын. Вячеслав Белан жаттықтыратын “Құлагер” кеткен есені қайтара білді. Қос мықты үш кезеңде де бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алмаған, тек қосымша уақытта ғана жерлесіміз Сергей Жаворонков шайба соғып, жеңісті жұлып алды.
Топтағы төрт ойында қарсыластардың қақпасын 15 рет дәл көздеген “Құлагер” ақтық айқаста Павлодардың “Ертіс” командасымен күш сынасты. Матчтар кереку жерінде өткендіктен жанкүйерлердің қолдауы да олардың жағында еді. Бірінші кезеңнің 7-ші минутында айдын иелері қарымта шабуыл жасап, Денис Клемешов “Ертісті” алға шығарған. Бұдан кейін де қарсыластың гол соғатын бірнеше мүмкіндігі болды. Тіпті “Құлагердің” қос ойыншысы қуылып, 5-3 форматында ойнауға тура келді. Бірақ нәтижені өзгерте алмады. Үшінші кезең басталып, “Ертіс” 1-0 есепбін сақтап қалуға тырысқан, алайда, қарсыластың бұл ойын алдымен Анатолий Васильев жүзеге асырмай тастады. Есеп теңескен соң қарқынға қарқын қосқан “Құлагер” матч аяқталуға 2 секунд қалғанда жеңіс шайбасын соқты. Авторы – Илья Ахметов.