Петропавлдық “Құлагер” хоккей командасы сырт алаңда алматылық хоккейшілермен кездесті.
Бұл кездесуде есепті алғашқы болып айдын иелері ашты. Бұған солтүстікқазақстандықтар – Иван Иванов пен Алексей Коптяевтің шайбаларымен жауап берді. Алайда, кездесудің аяқталуына 15 секунд қалғанда Андрей Огородников есепті теңестірді. Қосымша 5 минутта бірде-бір команда басымдық таныта алмағандықтан, матч тағдыры кездесу соңындағы буллиттер сериясында шешілді. Бұл сында Антон Дубинин ерекшеленіп, жерлестеріміз 2 ұпайды қоржынға салды. Қарымта кездесуде солтүстікқазақстандық хоккейшілер қарсылас командаға 2:3 есебімен есе жіберді.
Аталған ойыннан кейін 97 ұпайы бар “Құлагер” ХК шайбалы хоккейден ашық ел біріншілігін үшінші орында аяқтап, плей-оффқа жолдама алды.
Жерлестеріміз біріншілікте жалпы 54 кездесу өткізіп, оның 32-сінде жеңімпаз атанған. Биылғы маусымда петропавлдықтар қарсыластар қақпасына 176 шайба соқса, өз қақпаларына 141 шайба жіберіп алды. Енді жерлестеріміз 88 ұпаймен алтыншы орынды иеленген “Теміртау” хоккей клубымен ойнайтын болады. Қос команда арасындағы екі ойын наурыздың 2-3-і күндері Петропавлдағы Спорт сарайында өтеді.
(Өз тілшіміз).