Облыстық экономика басқармасы берген деректер бойынша өңірдегі 635 елді мекеннің 307-сі даму әлеуеті жоғары топқа жатқызылған. Олардың 23-і шекаралық аймақтарда орналасқан. Ауылдық аумақтарды дамыту бөлімінің жетекшісі Жанар Ахмиеваның айтуынша, “Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымы туралы” Заңына сәйкес халқының саны 50-ден аз қоныстар экономикалық жағынан тиімсіз болғандықтан, бюджеттік қолдау көрсетілмейді. Болашағы кемел, инфрақұрылымы жақсы жақын маңдағы елді мекендердің құрамына қосу тығырықтан шығудың, қиындықты еңсерудің тиімді нұсқасы ретінде таңдап алынған.
Соңғы 10 жылда өңір картасынан 50-ге жуық ауыл, 43 мектеп жойылса, қазір 2 мыңдай тұрғыны бар 100 елді мекенге жабылу қаупі төніп тұр. Мұндағы тұрғындар қайтпек, қалай күнелтпек, келешегі не болмақ деген ойдың жетегімен шаруасы шалқып отырған жалғыз үйлі ауылға жолсапарға шыққан едік. Бағытымыз – Есіл ауданы. Дәлірек айтқанда, Петропавл – Жезқазған республикалық тас жолының сол жақ беткейінде бір кездері ұйыса қонған қазақ ауылдарының жұртта қалған адамның күйін кешкен қазіргі тірлігін көзбен көріп, жай-күйімен танысу. Күрежолдан 10 шақырым жерде қоныс тепкен Орталықта ешқандай тіршілік белгісі байқалмайды. Тұрғындардың әлдеқашан көшіп кеткенін қаңырап қалған үйлер мен мал қоралары анық аңғартады. Бір кездері мұнда халық театры жұмыс істеді дегенге сену қиын. Одан әрі бет алғанымызда қары жұқалау алқапқа жылқы тебіндетіп жүрген бақташыны ұшыраттық. Өзін Бексұлтан Әбдіхан деп таныстырған азаматтың түбі – аспанасты елі екен. Осыдан екі жыл бұрын ақбас Алатау баурайынан “Оңтүстіктен – солтүстікке” бағдарламасымен 7 отбасы көшіп келіп, Заречный кентіне қоныстаныпты. Бәрі – ағайын, тумалас. “Жеке адамдардың төрт түлік малын кезектесіп бағамыз. Жұмыспен қамтамасыз етіп отырған Нұрлан Зағыпарға алғысымыз шексіз. Қыста мал бордақылаймыз. Айлық жалақымыз – 150 мың теңге мөлшерінде. Ерінбей еңбектенгеннің есебі түгел деген осы шығар? Қолдарын қалталарына салып, жұмыссыз елтең-селтең жүрген жастарды қанша шақырсаң да келгілері келмейді. Кейбірінің масылдық пиғылға еттері үйренгендері соншалық, ар, ұят санамайды”, – деді Әбдіхан бауырымыз бізбен қоштасар сәтте әлдебір шетін проблеманың ұшын шығарып.
Міне, жалғыз үйлі ауыл – Жаңалыққа да жеттік. Іздеп келе жатқан кейіпкеріміз Құлабай Абдоллаев жол жүріп кеткендіктен жолыға алмадық. Зайыбы Айгүлді құс жемдеп жүрген жерінен таптық. Сырттай барлап тұрмыз. Іске ұқыптылығы, шапшаңдығы сүйсінтпей қоймайды. Аузын ашса, жүрегі көрінетін ақкөңіл келіншек ескі танысымыздай, жатырқамай қарсы алды. Петропавл қаласында 20 жыл тұрған отбасы жұмыссыздар санатына қосылып, біраз қиналғанға ұқсайды. Ақыры ауылдық жерге барып, мал шаруашылығымен айналысуды жөн көреді. Таңдау Есіл ауданына түседі. Явленканың шеткері жағынан 50 гектар жер телімін жалға алып, 120 сиырға лайықтап ферма тұрғызады. Тайынша ауданындағы “Алабота” асылтұқымды шаруашылығынан Зеңгі баба түліктерін әкеледі. Түпкі ойлары – мал бордақылау ісін жолға қою. Алайда, қарапайым жағдайлар жасалмағандықтан жақсы бастама аяқсыз қалады.
Аудандық әкімдіктегілер өз қателігін түсінген болу керек, Заречный ауылдық округі аумағынан 1 мың гектар жер телімін жалға алуды ұсынады. Біз ат басын тіреген қыстақ – Жаңалықтың ескі жұрты. Құлабай ұйымдастыру жұмыстарымен көбіне сыртта жүрсе, қора-қопсы, үй-іші шаруаларын Айгүл өз міндетіне алған. Көп ұзамай “Абдоллаев” жеке кәсіпкерлігі құрылып, жеңілдікті бағдарламаларға қатысу мүмкіндігіне ие болады. “МТЗ-82” тракторы, шөп шабатын, қар күрейтін техникалар, екі жеңіл көлік үйдің алдында сап түзеп тұр. Алғашқы жылы жемазық, жылы қора тапшылығынан қазақтың ақбас мұқыл сиырларын сатуға тура келген. “Электр қуатынан ажыратамыз, трансформаторды әкетеміз”, – деген атқамінерлердің өктемдік қысымына үнсіз төтеп берген бұлар тіршілікті жандандыруға білек сыбана кіріскен.
– Мемлекеттің қаржылық қолдауына сүйене отырып, аяғымыздан тік тұрып кетсек болды, басы артық ештеңе сұрамаймыз. Қазақстанның бірден-бір асыраушысы, басты байлығы – жер, ұлттық руханияттың кәусар көзі, сарқылмас бұлағы – ауыл. Иесіз қалған жерлерді қалпына келтіруге, игеруге теңіздің тамшысындай үлес қоссақ, халқымызға, елімізге көрсетілген ұлы қызмет осы болар. Оның жарқын мысалдары, қалыптасқан тәжірибелері өңірде аз емес көрінеді. Осындай үлгі алатын өнегелі шаралардың кеңінен қанат жаюы алдымен өзімізге, алға қойған мақсат-мүддемізге, ынта-ниетімізге байланысты. Атажұртты түрлендіруге, жаңғыртуға жаңа серпін, тың тыныс беру әркімнің ұлттық ұстанымына, перзенттік парызына, азаматтық борышына айналса деген игі тілегім бар, – деген Айгүл адамдардың басқа жақтарға көшуінің кей себептерін тарқатып берді. Негізінен – жұмыссыздық, жолдың жоқтығы, ауызсудың тапшылығы. Оның ойынша, ауылдардан айырылсақ, ұлттық мінезден, қазақи қасиеттерден қол үзгеніміз. Іргелі ауылдарда жұмыс істейтін серіктестіктер мемлекеттің қолдауынсыз-ақ ісін дөңгелетеді. Қаржыны оларға бергенше шағын ауылдарға неге демеу жасамасқа? Заречный іргеде, тірек ауыл ретінде белгіленген. Демек, оған жете алатындай, медициналық, тағы басқа негізгі қызметтер алатындай мүмкіндіктер жасалып, мәселен, жол тазаланып тұрса, қарым-қатынас оңалар еді. Өткен жылы мал күзетіне орналасқан Заречныйдың бір тұрғыны кері кетіп қалған. Оны жол азабы қатты титықтатып жіберіпті. Қазір ерлі-зайыптыларға Әсет деген бозбала қолғанат болып жүр. Қосымша көмекшілер іздестіріп көрген, ешкімнің келгісі жоқ.
Отбасы қосалқы шаруашылықпен де шұғылданады. 100-ге жуық күркетауық, бау-бақшада көкөністің түр-түрі өсіріледі. 200-ге жуық қой бар, 30-ға тарта қазақтың ақбас торпағы семіртуге қойылған. Мал басын көбейтіп, құнарлы жемазық базасын жасау ойлары бар. Қотанды төрт түліктің төресі жылқыға толтыру мақсатымен “А.Жаукина” деген жеке кәсіпкерлік құрып, 12 миллион теңге жеңілдетілген несие рәсімдепті. Алдарынан жұмыс үркіп отыратын еңбекқор ерлі-зайыпты жандардың жеке кәсіпкерлікті өркендетуге деген құлшынысы ерен. Берекелі отбасыдан шалқыған ырыстың, шат тұрмыстың ыстық лебін, елге, жерге деген сүйіспеншілікті, құрметті сезіндік. Табысқа жету кілтін шаңырағы ойсыраған ауылды түлетуден бастап, құла түзге жан бітіріп, тіршілікке қан жүгіртіпті. Өз күштерімен, маңдай термен қолдағыны ұқсатып, дөңгелете білген қадамдарына табыс тіледік.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltústik Qazaqstan”.