Жылқы малы – мінсең көлік, жесең ет, ішсең қымыз. Содан да шығар бүгіндері жеті қазынаның бірі – Қамбар ата төлін алып, өсіремін деушілердің қатары қалың. Бұл ретте мемлекет ұсынып отырған “Құлан” бағдарламасының шаруаларға тигізер көмегі зор.
Успенка ауылдық округіндегі “Қайыров” шаруа қожалығы да аталмыш бағдарламаға белсене қатысуда. 2013 жылы “Бәйтерек” несие серіктестігі бөлген 3 млн. теңгеге 10 бас жылқы сатып алған шаруа қожалығы келесі жылы тағы да 4,5 млн. теңге несие алып, мал басын 13 жылқыға көбейтеді. Бүгінгі күні шаруашылықтың 300 гектар жайылымында 40-тан астам Қамбар ата тұқымы жайылып жүр. Жылқыны қысы-жазы Сұлтан Жапаров пен Андрей Филиченко сынды азаматтар бағып-күтеді.
Шаруа қожалығының басшысы Жәлел Қайыровтың айтуынша, серіктестік қажетті мал азығын толық дайындаған. 70 тоннадан астам шөп үйіліп, жемазықтық арпа мен сұлы қамбаға құйылған. Қыста тұратын мал қорасының құрылысы да аяқталған. 2014 жылы жасанды су қоймасын жасаса, алдағы уақытта ұңғыма құдық қазу ойларында бар.
Жалпы шаруа қожалығы мал шаруашылығымен қатар, егіншілікпен де айналысады. Олар 1374 гектар егін алқабына бидай, арпа, сұлы сияқты дәнді дақылдар егеді. Өткен жылы агроқұрылым орақ науқанына “Есіл 760” жаңа комбайнын сатып алыпты. Сонымен қатар, қожалықта 5 “Енисей”, оның 2-еуі – жаңа, 1 “Нива” комбайны бар. Сондай-ақ, 3 “К-700”, 4 “МТЗ”, оның екеуі – жаңа, 3 “КамАЗ”, 1 “ЗИЛ” техникаларымен қатар, шаруашылыққа қажетті басқа да жабдықтар баршылық. Жалпы соңғы жылдары “Қайыров” ШҚ 32 млн. теңгеге жаңа техникалар сатып алған.
Серіктестік аумағында жаңа электрондық таразы орнатылып, сыйымдылығы 2500 тонналық астық қоймасы салынған. Орақ науқанынан кейін егістік алқаптарына қажетті жұмыстарды уақытында жүргізген. Мұнда бас агроном Уәзилхан Құлышев шаруашылық жұмысын сәтті жүргізіп, кез келген істі үлкен жауапкершілікпен атқарады. Өздеріне жүктелген міндеттерді адал әрі сапалы атқаратын Михаил Гембий, Владимир Васильев, Евгений Горячковский сынды механизаторлардың арқасында көктемгі және күзгі егін жұмыстары ойдағыдай жүзеге асырылады. Шаруашылық басшысы өзінің жұмысшыларының осы бір қасиеттерін жоғары бағалап, оларға жемшөп, сабанмен көмектесіп, еңбекақыларын уақытында төлеп тұрады. Осындай ауызбірлігі жарасқан ұжымның кез келген асуларды бағындыратыны сөзсіз.
Еркебұлан ЕЛУБАЕВ,
журналист.
Мағжан Жұмабаев ауданы.