Петропавлда он қабатты тұрғын үйдің терезесінен кішкентай қыз құлап кете жаздады.
“101” қызметіне “Бәйтерек” тұрғын үй кешенінің оныншы қабатындағы пәтердің терезе жақтауында кішкентай бала отырғаны жөнінде ақпарат түсті. Терезе ашық болғандықтан, баланың сыртқа қарай құлап кету қаупі зор еді. Аталған мекенжайға дереу құтқарушылар жіберілді. Әйтеуір қауіпті сезінген бүлдіршін өзі еденге түскен екен.
Осы оқиғаға байланысты облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің маманы Лаура Шайкенова алты жасар Таисияның анасымен әңгіме жүргізді. Ол сол күні түнгі ауысымнан келіп, ұйықтап қалған екен.
Күн жылынысымен балалардың терезеден даланы қызықтауы — әдеттегі жағдай. Сондықтан ата-аналар балаларды жалғыз қалдырмауға тырысып, терезелердің жабық тұрғанын қадағалап отыруы керек. Ал терезе сыртындағы шыбын-шіркейлерден қорғайтын торкөздер адамдарға қорған бола алмайтынын есте ұстаған жөн.