Солтүстік Қазақстан облысында Құлеке батырдың ұрпағы атадан балаға мирас болған құнды жәдігерлер – батырдың найзасының ұшын және тұғырық пен томағаны, Меккеден әкелінген көне сандықты сыйға тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Құлеке батырдың көзіндей болған найзаның ұшын оның ұрпағы осы күнге дейін атадан балаға мирас етіп беріп келген екен. Үш ғасырға жуық тарихы бар жәдігер жақсы сақталған. Оны батырдың алтыншы ұрпағы Қошан Жантілеуовтің ұлы Мұрат «Абылай хан резиденциясы» музей кешеніне сыйға тартты.
«Бұл, әрине, құнды жәдігер. Бұл қарумен батыр жоңғарлар мен шүршіттерге қарсы соғысқан дейді. Бұдан басқа Мұрат Жантілеуов томаға мен құс отырғызатын тұғырықты және Меккеден әкелінген көне сандықты сыйға тартты. Жәдігерлерді зерттеп, көрермен назарына ұсынамыз», – дейді «Абылай хан резиденциясы» музей кешені тарихи-ғылыми зерттеу бөлімінің меңгерушісі Бауыржан Жүнісов.
Құлеке батыр Қызылжар өңірінің тумасы. Атақты Шал ақынның әкесі. Абылайдың айтуымен баласы Шал ақын Құлеке батырды Түркістанға апарып, Қожа Ахмет Яссауидің жанына, мавзолейге жерлеген екен.
«Абылайдың қос батыры – Құлеке мен Құлсары. Құлеке жайында соңғы кезде эпистолярлық жазба арқылы біраз құнды мәлімет табылып жатыр. Танымал зерттеуші, тарихшы Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының қызметкері Ирина Ерофеева осындай құжаттар арқылы оның нақты қайтыс болған жылын анықтады. Осылайша оның туған жылын да білдік. Бұған дейін 1710 жылы дүниеге келіп, 1771 жылы қайтты деп келдік. Дұрысы 1763 жылы қайтқан екен. Бұл жайында Абылайдың Ресейдің сол кездегі патшайымы Екатерина ІІ Алексеевнаға 1764 жылы жазған хатынан белгілі болды. Онда қазақ ханы император әйелді таққа отыруымен құттықтап, оған таныс адамдардың ішінде Құлекенің бір жыл бұрын дүниеден өткенін хабарлаған. Яғни 1763 жылы. Ал Шал ақын өз өлеңдерінде әкесі Құлекенің мүшел жасқа келіп қайтқанын талай жазған. Сондықтан ол барлық ақпаратта көрсетілгендей 1710 жылы емес, 1702 жылы дүниеге келген», – дейді Бауыржан Жүнісов.
Құлеке батыр елші, әрі мәмілегер болған. Бірнеше шет тілін жетік меңгерген білімді, аса көрнекті жауынгер.
«1742 жылы Орынбор қаласында қазақтың 148 би-батыры Ресейге адал қызмет етуге ант берген. Солардың ішінде Құлеке батыр да болған. Ол 35-інші болып қол қойған екен. Онымен бірге Қарасай, Баян батырлар да ант берген. Еліміздің солтүстігін жаудан қорғаған. Эпистолярлық жазбаларда батырдың қол астында 3 мыңнан артық шаңырағы болған делінген. Ресей патшалары оның қызметін жоғары бағалап, жалақы төлеп тұрған», – дейді музейдің бөлім меңгерушісі.
https://www.inform.kz/