Қазіргі кезде букмекерлік кәсіп қызу қарқын алып тұр. Құмар ойындарға бәс тігетіндердің көбі жастар екені жасырын емес. Қаладағы осындай орындардың кез келгеніне кіре қалсаңыз, небір тосын жайларға тап боласыз. Ал құмар ойынға бәс тігіп, жеңіл жолмен ақша табуды көздегендер қалталары қағылса да, алған беттерінен қайтар емес.
Алғаш рет Рим империясы тұсында пайда болған кәсіп – бәс тігу тек ат жарыстары мен жекпе-жек ойындарға ғана тән еді. Бертін келе бұл ойынға ит, бұқа, қораз төбелестері қосылса, ХХ ғасырдан бастап спорттың басқа түрлері қамтылды. Қазір солардың қатарына футбол, теннис пен өзге де ойындар еніп отыр.
Қазақ баласы да жатырқамайды
Әр қаладағыдай бізде де букмекерлік кеңселер саны аз емес. Мұндай кеңселерді қазақ баласы да жатырқамайтын болды. Ал бәс тігудің майталмандарын қаладағы кез келген букмекерлік кеңселерден оп-оңай кездестіре аласың. Бірқатарына бас сұққанымызда ойынқұмарлардың бәс тігіп жатқанын көрдік. Бізбен әңгімелесуден тартыншақтаған кеңсе қызметкерлерінің сөзінен ұққанымыз үнемі келетін тұрақты клиенттері бар екен. Олардың жас шамалары да әртүрлі. Бір кеңсеге орта жастағы азаматтар барса, келесі біреуінде тек қана жастар жүретін көрінеді. Олар ойынды бес жүз теңгеден бастап әрі қарай мыңдап жалғастыра береді екен. Тек қалтаңда ақшаң болсын…
Биыл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ойын бизнесі саласын мемлекеттік реттеуді жақсартуға және осы саладағы заң бұзушылыққа жауапкершілікті күшейтуге бағытталған “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған болатын. Бұл заң бойынша интернет-казино қызметіне, әсіресе, Қазақстандағы шетелдік интернет-казино қызметіне тыйым салынған. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес ойын бизнесіне қатысты заң нормаларын бұзғандар жауапкершілікке тартылады. Жаңадан қабылданған заң жобасы бойынша ойын мекемелері, атап айтқанда, букмекер кеңсесі кассаларын және тотализаторларды тұрғын үй ғимараттарына орналастыруға тыйым салынған.
Түсетін табыс аз емес
Кейбіреулер үшін құмар ойын табыс көзі болып саналады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, қалада аталмыш кеңселер санының аз емес екеніне өзіміз де анық көз жеткіздік. Бірқатарына кіріп, мәселенің мәнісіне қанықпақ болдық. Бірақ мұндай орындарға бақылауды кім жүргізеді деген заңды сауал туындайды. Осы орайда Петропавл қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасынан қаладағы бес букмекерлік кеңседе 21 кассалық аппарат барын естіп білдік. Олардан түсетін салық мөлшері де аз емес. Заң талаптарына сәйкес бір кассалық аппараттан бюджетке 75 АЕК, яғни 148 мың 650 теңге қаржы түседі. Жоспар бойынша өткен жылы бюджетке 18 миллион 859 мың теңге салық түсуі керек болатын, бірақ түскен жылдық салық төлемі 21 миллион 941 мың теңгені құрады. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша 21 миллион 275 мың теңге қаржы төленген. Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Есмағзұм Байбосынов үстіміздегі жылы кассалық аппараттардың саны біршама өскенін жеткізді. Оның айтуынша, букмекерлік орталықтардың бас кеңселері Астана, Алматы қалаларында орналасқандықтан, бізде олар тек салық төлеуші ретінде тіркелген. Мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары облыс орталығында “Profit betting”, “Олимп” букмекерлік кеңселерінің бірнеше кассалық аппараттары барын айтып, биыл жаңадан “Fair Play” букмекерлік орталығы ашылғанын жеткізді. Осы орайда құқық қорғау органдарының қызметкерлері букмекерлік кеңселерді тексеру әзірге мүмкін болмай отырғанын айтады. Өйткені, олар кәсіпкерлік субъектілері болып табылады. Бірақ Петропавл қаласының прокуроры Александр Трикачев лотереялық автоматтарға қатысты бір қылмыстық іс қозғалып, соттың қарауына жіберілгенін жеткізді.
Күн демей, түн демей…
Ал бізбен емен-жарқын әңгімелесе қоймаған кеңсе қызметкерлері ойынханалар ешқашан босап көрмегендігін ашық айтты. Біразы түннің бір уағына дейін жұмыс істесе, кейбірі, тіпті, күнді – түнге, түнді күнге жалғастырып, келушілерді тәулік бойы қабылдай беретін көрінеді. Жаңалыққа жаны құштар кейбір жастар ақша табудың жеңіл жолын аталмыш кеңселерден іздейтін сияқты. Өйткені, бас қатырып, тер төгу жоқ. Бәс тіксең болғаны, не ұтыласың, не ұтасың. Табыс тауып, ақшаға қарық боламын деушілер үшін ойындарға бәс тігу бизнес көзі іспеттес. Тек тетігі табылса етті. Бірақ олар құмар ойындардың жетегінде жүріп, әлдебіреулерді қарық қылып жатқандарын біле ме екен?
Казино типтес бұл шағын орталықтар ұтыс тігісінің жеке коэффициенттерімен құмар ойындар өткізеді. Мысалы, егер команданың ұтысы екі коэффициентке тең болса, сіз ол ұтыс тігісіне 1000 теңге тіксеңіз, ұтыс жағдайында екі есе, яғни 2000 мың теңге алады екенсіз. Ал егер ұтылсаңыз, сіз ештеңе де алмайсыз. Мамандардың айтуынша, букмекерлік кеңсеге барғандардың 90 пайызы жеңіліп, бәске тіккен дүниесінен айрылып жататын көрінеді. Ондағы тиын-тебен кімдердің қалтасын қомпайтып жатқаны белгілі. Тек букмекерлік орталықтарға келушілер мен оларды қабылдаушылар исламда оңай олжамен пайда табуға қатаң тыйым салынғанынан хабар-ошарсыз секілді. Ал шариғатта: “Құмар ойындар шайтанның лас істерінен”, – делінген. Мұсылман адам мұндай жолмен емес, өзінің маңдай тері, адал кәсібімен ғана пайда тауып, өмір сүргені абзал емес пе?!
Букмекерлік кеңселер жастарды жалқаулыққа, ұрлық пен зорлыққа баулитын орынға айналып келеді. Сәтін салып бір-екі рет ақша ұтқан адам ол жерді айналшықтап шықпайтыны анық. Есіл-дерті оп-оңай жолмен ақша ұтып алу болған жастардың бәс тігуге ақшасы болмаса, ұрлық жасамайтынына кім кепілдік бере алады? Ал теледидарға телміріп, у да шу болып бәс тігіп жатқандардың қарасы күн санап артып келеді. Әсіресе, футболдан ірі ойындар өтіп жатқан кезде кеңселерде ине шаншар орын табылмайды. Спорттық ойындардағы команда немесе ойыншының жеңісін алдын ала болжап, белгілі мөлшерде ақша тігіп жүргендердің қатарын тек спорт-сүйер қауым емес, оңай олжаға кенелгісі келгендер де толтырып жүр. Тағы бір айта кететін мәселе, қазір мектеп оқушылары арасында компьютер ойындарына деген тәуелділік жоғары. “Бақпасаң, бала кетеді” демекші, ата-аналар балаларының құмар ойындар құдығына түсіп кетпеуі үшін оның алдын алуды қарастырғандары жөн. Құмар ойын үшін отбасының шырқын бұзып, дүние-мүлкін бәске салатындар да бүгінде аз емес секілді. Психолог мамандардың айтуынша, құмар ойындар адам санасын улап, жеңіл жолмен ақша табуға итермелейді. Осы орайда психолог маман Гүлмира Тілегенқызы құмар ойындарға тәуелді жандар бір ойынмен ғана шектеліп қалмайтынын айтты. Қалтасындағы соңғы тиынын, тіпті бар жиған-тергенін бәске тігетіндер де бар, дейді ол. Соңғы уақытта вокзалда, үлкен сауда орталықтарында құмар ойындарға арналған терминалдардың, яғни ойын автоматтар санының күрт көбейгенін анық аңғаруға болады.
Ауру қалса да, әдеттен құтылу қиын
Біз бірқатар ойыншылардың өздерімен де сөйлесіп, пікір алысқан едік. Аты-жөнін атаудан бас тартқан бәс тігушінің бірі өзін спорт жанкүйері санайды. Ол букмекерлік кеңселерді құмар ойындар санатына жатқызбайды екен. Бірақ жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған букмекерлік кеңселер қазір қала ішінде аз емес. Жұмыс істеуге лицензиялары болғанымен, жастардың санасын улап жатқаны ешкімді ойландырмайтын секілді. “Шағын казиноға” айналған кеңселер жайын жастардың өз пайым-парасатына қалдырудан басқа амал жоқ біздерде…
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.