Этнопедагогика – ұлттың бастапқы құндылықтарына моральдық-этикалық және эстетикалық көзқарастар туралы ғылым. Этнопедагогика халықтық педагогиканы түсіндіреді және оны қазіргі жағдайда қолдану жолдарын ұсынады, халықтық дәстүрлердің ғасырлар бойғы, табиғи дамып келе жатқан үйлесіміне негізделген этникалық топтардың тәжірибесін жинайды. Халық даналығының ғылыми жағынан зерттелуі оның ғасырлар бойы маңыздылығын жоймайтынын көрсетеді.
Этнопедагогика өзара әрекеттесу және әлеуметтік ықпал ету процесін зерттейді, оның барысында әлеуметтік нормаларды, құндылықтарды игерген тұлға тәрбиеленеді, дамиды, балаларды тәрбиелеу және оқыту туралы халықтық білімді, діни ілімдерде, ертегілерде, эпостарда, астарлы әңгімелерде, әндерде, жұмбақтарда, мақал-мәтелдерде, отбасылық және қоғамдық тәртіпте, тұрмыста, дәстүрлерде, сондай-ақ философиялық-этикалық, педагогикалық ойлар мен көзқарастарда, яғни тұлғаның тарихи-мәдени қалыптасу процесіне әсер ететін барлық педагогикалық әлеуетте танылатын халықтық даналықты жинайды және жүйелейді.
Қазақстандағы халық педагогикасының бастауында көрнекті демократтар – ХІХ ғасырдың ағартушылары – Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, Ш.Құдайбердиев тұр. Халық педагогикасының тәжірибесі мен дәстүрлерін пайдалану идеясын дамытуға көрнекті қазақ ағартушысы, педагог, жазушы Ыбырай (Ибрагим) Алтынсарин зор үлес қосты. «Дала қоңырауы» атанған ұлт ұстазы мектептер мен тәрбие жүйесі тарихи жағдайларға, экономиканың, мәдениеттің дамуына, халық өмірінің ұлттық ерекшеліктеріне сәйкес келуі керек деп есептеді. Ы.Алтынсарин қорғаған маңызды талап мектепте ана тілінде оқытуды ұйымдастыру болды. Мақалада жан-жақты сөз болғандай, қазіргі уақытта қазақ мектептерінің көбі ұлы педагог ұстанған бағдардан адасып қалды. Яғни біз білім беру саласына өркениетті елдердің озық тәжірибелерін енгізуді ғана көздеп, өзіміздің төл мәдениетімізді шетке қақтық. Бұл қадамның дұрыс болмағанына көзіміз енді жетіп отыр.
Зерттеушілердің айтуынша, қазақтардың материалдық және рухани мәдениеті ретінде қазақ халық педагогикасының пайда болу, қалыптасу және даму процесіне халық өмірінің әлеуметтік-экономикалық, тарихи, географиялық, табиғи жағдайларының бірегейлігі үлкен әсер етті. Тәжірибеге сүйенсек, халықтық педагогика арқылы оқушыларды тәрбиелеуді ұйымдастырудың тиімділігі, ең алдымен, мұғалімнің педагогикалық қызметтің осы аспектісіне дайындығына байланысты. Халықтық педагогика мәселесі педагогика ғылымы мен практикасын дамытудың барлық кезеңдеріндегі ең жетекші мәселелердің бірі болды.
Этнопедагогика – барлық деңгейдегі мектептердің білім беру бағытындағы өзегіне айналуы тиіс. Болашақ мұғалімді қызметтің осы аспектісіне дайындаған жөн. Халықтық педагогиканың прогрессивті дәстүрлерін қолдануға дайындықты қалыптастыру кәсіби қызмет объектісін ескере отырып, жүйелі тәсіл негізінде жүргізілуі керек.
Ақмарал САРКЕНҚЫЗЫ,
Ұлттық ұлан академиясы тілдік дайындық кафедрасының бастығы, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор.