«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЫЗДЫҢ ҚАМҚОРШЫСЫ

Азаттықтың арайлы таңы атқан күннен бастап өшкеніміз жанып, жоғалғанымыз табылып, ұлттық құндылықтарымыз қайта ортамызға оралды. Соның ішіндегі інжу-маржаны – Наурыз мерекесі. Сәні мен салтанаты өзгеше бұл мейрамға деген ілтипат жыл санап артып келеді. Бұрынғыдай емес, Ұлыстың ұлы күнінде алыс-жақын ағайын-туыстың бірін-бірі іздеп барып, дастарқан басында шүйіркелесуі бауырмалдықтың, адамгершіліктің үлгісіне айналды. Әсия апаның шаңырағы да әз Наурыз күні шат-шадыман қуанышқа бөленеді.

Шаңырақ анасы – өңірімізге танымал “Балқадиша” әжелер ансамблінің мүшесі. Бұл өнер ұжымы салт-дәстүрдің жоқтаушысы екені бәрімізге жақсы мәлім. Содан болар Қызылжар халқы Наурыз мейрамымен қайта қауышқан күннен бері әнші әжелердің бұл қуаныштан шет қалған күндері жоқ.

“Жұбайым Жоламанның өмірден озғанына екі жылдың жүзі болды. Бірақ балаларым мен немерелерімнің дін аман жүргендеріне шүкіршілік етемін”, – дейді Әсия Қарабалина. Сондықтан Наурыз тілегі де өзінің өрбіген ұрпақтардың аман-саулығына саяды. Үбірлі-шүбірлі отбасының береке-бірлігін, татулығын көзінің қарашығындай сақтап отырған аяулы ана Наурыз мейрамы күні немере-жиендеріне бір-біріне тілек айтқызып, бауырмалдыққа баулып отырады екен. Тұңғыш немересі Айна Күншығыс елінде білім алып жүр. Сабина да Қытай еліндегі беделді жоғары оқу орындарының біріне түсу үшін осы бастан сонда тұрып, тіл үйреніп, білімін шыңдауда. Ал Дамир мен Әлішер – Алматы қаласындағы университеттердің студенттері. Одан кейінгілер мектепте оқиды.

“Бұрындары Наурыздың басты дәмі – наурызкөжені бірен-саран қыз-келіншектер ғана дайындаушы еді, соңғы кездері тойға арналған дастарқанға оны әдейлеп әзірлеп, меймандарға ұсынушылар қатары артқан”, – дейді Әсия апа. Өзі де құтты қонақтарды наурызкөжемен сыйлап жібереді екен. Екі келіні мен қызы Гүлбаршынға да сол күні барын дастарқанға қойып, қонақ күту, үлкендерден бата алу халқымыздың игі дәстүрі екенін айтып отырады. Шынымен де, жыл бойы үйде молшылық, береке болсын деген ниетпен бұл күні бауырсақ, сарымай, қыстан қалған ет, тәтті-дәмділер дастарқанға қойылуының өзі қонақжайлылығымызды аңғартып, ет жақын туыстарды одан бетер жақындастыра түсетіндей.

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp