«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰНДЫЛЫҚТАР ҚАЙНАРЫ

Жазушы Мұхтар Әуезов бір еңбегінде: “Ғылым мен мәдениет – барлық дүниенің алтын алқасы”, – деп аталмыш салалардың адам өмірінде ерекше орын алатынын айтыпты. Қаламгердің бұл сөзі өзектілігін жоймақ емес.

Қазақстан Республикасының “Мәдениет туралы” Заңының 1-бабында: “Мәдениет дегеніміз – жеке адамның жарасымды дамуына, азаматтардың бойында отаншылдық қасиетін баулуға және эстетикалық қажеттері мен мүдделерін қанағаттандыруға бағытталған материалдық және рухани құндылықтар жиынтығы” деп жазылған. Мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, яғни рухани құндылықтарды сақтау, дамыту және тарату ісі ерекше жауапкершілікті қажет етеді. Ауданымызда руханият саласын дамытумен қатар адамгершілікті, қайырымдылық пен өзара түсіністікті өрістетуге жол ашатын үздік дәстүрлерді сақтауға ерекше мән беріліп отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде: “Қазіргі заманғы әлемде еліміздің берік мәдени тұғырынсыз экономикалық және саяси табыстың болуы ақылға сыйымсыз. Планетаның 30 лайықты ұлтының біріне айналу үшін, бәрінен бұрын, ХХІ ғасырда ең танылған мәдениеттің қатарында болуымыз керек. Біз Қазақстанның әлемдік “жоғары мәдениет қоғамының” үш ондығы шоғырына енуін қамтамасыз етуге тиіспіз” деп атап көрсетті. Мәдениет саласында еңбек етіп жүрген мамандарымыз осы талапты жүзеге асыру бағытында нәтижелі жұмыс істеп келеді.
Ауданымыздағы мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің басты міндеттерінің бірі мәдени құндылықтарымызды дамыту, сапалы және қолжетімді қызмет көрсету болып табылады. Бүгінгі күні аудан аумағында 12 мәдениет нысаны бар. Бұл мекемелерде жүзден астам адам жұмыспен қамтылған. Қоғам қайраткері, ұлт жанашыры Смағұл Сәдуақасов атындағы мұражай қызметкерлері де ауыл тұрғындарының рухани дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Аудандағы клуб құрылымдарында бос уақытты тиімді өткізудің арнайы жоспары қабылданған.
Тәуелсіздік алған сәттен бастап, мәдениет мекемелерінің инфрақұрылымын дамыту бойынша ұтымды шаралар жүзеге асырылып келеді. Жабық және бұзылған мәдениет ғимараттарын сақтау және қайта қалпына келтіру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Ауданымызда алты ауыл клубы және бес Мәдениет үйі қалпына келтіріліп, пайдалануға берілді. Шығармашылық ұжымдар қатарын жаңартып отыруды, оларда қызмет ететін мамандардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын шешуді ұдайы қаперімізде ұстаймыз. Мақтанышымызға айналған педагогикалық ұжымдар хоры мен вокалдық тобымыз аудан аумағында гастрольдік сапарларға жиі шығып, ауыл тұрғындарының рухани жетілуіне септігін тигізуде.
2011 жылы Талшық және Ленинград ауылдарында өнер мектептері құрылған болатын. Бұл мекемелердегі фортепьяно, баян, домбыра, қобыз, жетіген, бейнелеу өнері, дәстүрлі ән және хореграфия сыныптарында 240-тан астам оқушы білім алуда. “Айтұмар” би ұжымы, “Ғасырлар үні” фольклорлық-этнографиялық Жігер” домбыра және “Мұрагер” халық аспаптар ансамбльдері ел деңгейінде өнер көрсетіп, тұрғындардың ілтипатына бөленуде. Облыстық, республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаттары атанумен қатар ауданымыздың мәдени шараларында өнерсүйер қауымның рухани дамуына, мәдениеттен сусындауына сүбелі үлес қосып жүр. Бүгінгі күні ауданда 18 ауылдық кітапхана жұмыс істейді, олардың кітап қоры 140 984 дананы құрады. 2016 жылы аудандық кітапхана базасында медиатека ашылған болатын. “Білім тарату орталықтары” партиялық жобасын жүзеге асыру мақсатында құрылған аудандық кітапхана жанындағы коворкинг-орталыққа келушілер саны күн санап арта түсуде. Мұнда оқырмандар өзіне керекті ақпаратты алумен қатар кәсіпкерлер өткізетін түрлі шеберлік сыныптарына, семинарларға қатысып, бизнес тақырыбында табысты адамдардан ақыл-кеңес алады. Бұл қызметтердің барлығы тегін көрсетіледі. Біздің сала қызметкерлері мемлекеттік тілді оқыту жұмысына да белсенді араласады. Ауданымызда қазақ тілін оқытатын төрт және ағылшынша үйрететін бір топ құрылды. Мемлекеттік тілді оқыту жоспарына латын әліпбиін үйрету сабақтары да енгізіліп отыр.
2011 жылы демеушілік қаражат есебінен Талшық ауылының аудан орталығында тарихи-өлкетану мұражайы ашылған болатын. Оның қорында 100-ден астам жәдігер бар. Мәдениет қызметкерлері жыл сайын облыстық, республикалық деңгейдегі конкурстарға қатысып, ауданның атын шығаруда. Ауданымыздың мақтанышына айналған өнерпаздарымыз Сәкен Закарин, Нұрқасым Хасенов пен Мейрамгүл Здуәлиева түрлі дәрежедегі байқауларға қатысып, мерекелерде өтетін кештердің сәнін келтіріп жүр. Биыл облыс орталығында өткен домбырашылар байқауында жеңіс тұғырынан көрінген “Серпер” өнер мектебінің оқушылары Жансая Шерғалиева, Ислам Шоқан, Әли Мурсал және тағы басқа өрендерімізді мақтан тұтамыз.
Соңғы жылдары тұрғындар тарапынан мәдени іс-шараларға деген сұраныстың артқаны байқалады. Мәселен, мәдениет қызметкерлері өткізетін пікірталастар, флешмобтар мен шығармашылық кештер жастар мен аға буын өкілдерінің басын біріктіріп, ұрпақтар сабақтастығының беки түсуіне себеп болуда. Алдағы уақытта оқу және клуб мекемелерінде қосымша театр үйірмелерін ашуды жоспарлап отырмыз. Ауданның мәдениет мекемелеріне жас таланттарды қолдау және жаңа шығармашылық ұжымдарды құру бойынша жұмыстар қолға алынған. Бұл орайда аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде шығармашылық тұлғалардың мәліметтер базасы қалыптасқан. Мәдениет және өнер қызметкерлерінің арасынан үздіктерді анықтау мақсатында түрлі байқаулар өткіземіз. Жыл сайын ұйымдастырылатын “Ауылдың үздік мәдениет мекемесі” байқауында топ жарған ұжымдарға аудан басшылығы тарапынан да қолдау зор.

Мағжан ЖҮСІПБЕКОВ, Ақжар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp