«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰНДЫ ЕҢБЕК

Қызылжар топырағында дүниеге келген танымал жерлестеріміздің арасында мәдениет саласына зор еңбек сіңірген азаматтар баршылық. Солардың бірі – қазақ кино өнерінің көрнекті қайраткері, режиссер, актер Аяған Шәжімбаев. Ол аққан жұлдыздай жарқ етіп, қырықтан асқан шағында қыршынынан қиылған еді. Жас ұрпаққа дарын иесін жақынырақ таныстыру мақсатында “Алаштың Аяғаны” атты жинақты сөз еткелі отырмын. Бұл кітапта Аяған Қуандықұлы туралы республикалық және облыстық газеттерде жарияланған өлеңдер мен естеліктер, оның кинотуындылары жөніндегі мақалалар және жан-жақты өнер иесінің қаламгерлік қырын танытатын повесі мен әңгімелері, әзіл-сықақтары топтастырылған.

Аяған Шәжімбаев 1952 жылы Есіл ауданының Қаратал ауы­лын­да дүниеге келген. Осындай азаматтың жерлесі екенімді мақ­тан тұтып, ол жайында жазылған еңбектерді қалт жібермеуге ты­рысамын. 2013 жылы жарық көр­ген жинақ бізге кино жұлды­зы­мен, оның өмірімен, еңбек жә­не шы­ғармашылық жолымен жа­қы­ны­рақ танысуға мүмкіндік бере­ді. Мәселен, Аяған ағамыздың мек­тепті бітірген соң, бұрынғы “Ле­нин туы” (қазіргі “Soltústik Qa­zaq­stan”) газетінде әдеби қыз­мет­кер болып жұмыс істегенін кө­біміз біле қоймаймыз. “…Сон­да ең­бек етсем деген игі ниетпен “Ле­нин туы” редакциясының та­балдырығын имене аттаған едім. Апырмай, сонда… Ешқан­дай өмірлік еңбектегі тәжірибесі жоқ, қайнаған қызу дода – үлкен өмірге енді қадам басқан маған, “сары ауыз” шикі балаға үлкен сенім көрсетілді-ау”, – деп автор газетте қызмет еткен күндерін сағына еске алады. Бұл кітапта оқырман қауымға жерлесіміздің бірнеше мақаласы ұсынылған. Оларды оқи отырып, автор өмір сүр­ген тұстағы тыныс-тіршілікті, қо­ғам проблемаларын айқын се­зінуге болады. Ал новелла, по­вес­терінде қаламгер табиғатты әсерлі суреттеп, оқырманды әде­мі ойлармен қиял әлеміне жете­лей түседі. Оның ауыл тірлігінен алынған, балаларды табиғатты сүюге, туған ел, жер қадірін ұғуға ша­қыратын жақсы қасиеті бар­лық шығармаларында айқын бі­лініп тұрады. Жас буынның өз ойын әсерлі жеткізу, жалпы ой­лау қабілетін арттыруда Аяған Қуандықұлының туындылары таптырмас құрал болып табы­ла­ды. Оның “Кешірім”, “Күтумен өтер ғұмыр”, “Оралу” сынды ең­бектері оқырманға еріксіз ауыл өмірін елестетіп, туған жерге де­ген сағынышын оятады.

Кітаптың келесі бөлігінде ел аға­ларының, журналистердің, өнер қайраткерлерінің Аяған Шә­жімбаев туралы жазған ес­те­ліктері, өлеңдері көрініс тапқан. Жерлесіміздің кино саласында ат­қарған еңбегі туралы көп дү­ние айтылады. Мысалы, Әмір Та­рақ кинорежиссердің қайтыс бол­ғанына бір жыл өтуіне байла­ныс­ты жазған естелігінде ол жай­лы жақсы ойларын жеткізеді. Ол: “Алжир”, “Жансебіл” фильмдері тарихымыздың “ақтаңдағын” аш­қан, өткеніміздің бізге беймәлім құ­пия сырларын, ащы шындық­ты деректі және көркем кино ті­лінде жарқырата көрсету болса, ауыл ақсақалы емші, оташы Қош­тай қарт жайлы оның “Бәйтерек”, Қазақстанның халық әртісі, бел­гілі актер Әнуар Молда­беков, қа­зақтың тұңғыш режиссері Жұмат Шанин туралы қысқа, деректі дү­ниелері үлкен ізденістің, кә­сіби шеберліктің, дарындылықтың же­місін айғақтайды”, – деп тол­ға­нады. Өзге авторлар да Аяған Шәжімбаевтің өмірден ерте кет­кенімен, мағыналы ғұмыр кеш­ке­нін баяндайды. Мағыналы бо­ла­тыны – ол өнерді сүйді, жай ға­на сүйіп қойған жоқ, өзгелерден ерекше, бар болмысымен, жан-тәнімен, ессіз сүйді.

Өнер жұл­ды­зының жүріп өт­кен жолын, қыс­қа ғұмырында ел­ге сіңірген ең­бегін білу өзім сияқ­ты әр жас­тың парызы деп біле­мін. Өз ба­сым Аяған аға жайлы кітапты оқи отырып, адам өмірге жай кел­мей­тінін, еңбек арқылы ғана же­тістікке жете алатынын түсіндім. Бұл құнды еңбекпен та­нысқан өзге оқырмандар да жер­лесі­міз­ді жақынырақ танып, Қы­зылжар топырағының қасиетті екеніне тағы бір көз жеткізгендей бола­ды деген ойдамын.

Эльдана НҰРСЕЙІТОВА,

Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының қызметкері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp