Ы.Алтынсарин атындағы медальдің иегері, кәсіби күйші Серікбай Құсайыновтың “Күй – құдірет, күй – өмір” атты кітабы жарыққа шықты.
Серікбай Құсайыновтың өнерге қосқан үлесі өлшеусіз екенін өңір жұртшылығы жақсы біледі. Күйшілік, домбырашылық өнердің озық қасиеттерін бойына сіңіріп, қазақтың баға жетпес рухани байлығын дәріптеуге бар саналы ғұмырын арнаған кәсіби маманның баспадан енді шыққан жаңа туындысын елге берген есебі деп ұғынған жөн. Бір адамның ғұмырнамасы ғана емес, бірнеше ұрпақтың өмірін бейнелейтін құнды еңбекте автордың басылым беттерінде атақты өнерпаздар туралы жазған естеліктері мен шығармашылық мақалалары жинақталған.
Жинақта Серікбай Құсайынов туралы қаламгерлердің мақалалары да топтастырылған. Ақын, жазушы-публицист Ербол Шаймерденов “Адамдар алдындағы азаматтық борышын өнерімен өтеуді мұрат тұтқан” деп жоғары баға бергендей, өмірі домбырамен көрікті автордың бұл еңбегі облыста күйшілік өнерге қатысты жарық көрген тұңғыш жинақ екенін айту қажет. Сондықтан ұлт руханиятына қосылған қазына ретінде бұл туынды көзі қарақты оқырман үшін мол олжа.
– Кітапты жарыққа шығаруға үш жылдай уақытым кеткенімен, бұл – күйшілік өнердегі алпыс жылдық еңбегімнің нәтижесі. Мұнда атақты күйшілер туралы, күйшілік өнерге қатысты мақалалар ғана емес, әндердің тарихы да бар, – деген Серікбай Құсайынов осындай тағы бір кітап шығарғысы келетінін айтты.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.