
С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада оқырмандарға «Қазақ елінің атақты музыка өнерпаздары» антологиясы таныстырылды.
«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көрген антологияның авторы – Бохай Қожырұлы. Баспадан шыққанына бірнеше жыл өтсе де, жергілікті оқырмандардың қолына енді тиген еңбекте қазақ музыка мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосқан тұлғалар туралы мәлімет жинақталған. Сондықтан бұл кітап әр оқырман үшін құнды. Әсіресе, өнерге қызығушылығы бар өскелең ұрпақ үшін оның маңызы зор. Екі томдық жинақта автор 600-дей өнер қайраткерімен кездескенін айтады. Соның ішінде Жамал Омарова, Роза Бағланова, Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова бастаған алдыңғы толқын мен орта және кіші буын өнерпаздар туралы жан-жақты ақпарат бар. Алғашқы томында мақалалар жинақталса, екінші томында облыс орталықтарындағы өнерпаздар туралы мағлұмат берілген. Бұл туындыда жерлесіміз Ермек Серкебаевтан басқа бүгінде өнер саласында өзіндік орны бар Қайырлы Ғафуровтың да есімі ерекше аталғанын айтып өткен жөн.