Облыс орталығындағы Достық үйінде “Көне түркі жазуы – Ұлы Дала өркениетінің куәсі” тақырыбында “дөңгелек үстел” өтті. Жиынға облыстық мұражай бірлестігінің қызметкерлері, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің ұстаздары, студенттері қатысты.
Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимов Ұлы Дала мәдениетін терең зерттеу ел тарихын, құндылықтарын тың деректермен толықтыруға мүмкіндік беретінін жеткізді. Бұдан кейін осы салада еңбек етіп жүрген “Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы” республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының басшысы Сағындық Салмұрзин өз баяндамасында бұл тақырыпқа кеңінен тоқталып, мазмұнды ақпараттармен бөлісті.
Кездесуге қатысқандар ұлттық құндылықтарды сақтау, қорғау, жаңғырту, түркі халықтарына тән ортақ ескерткіштер мен әдеби мұраларды зерттеуді дамыту, осы іске жастарды жұмылдыру жолдарын талқылады.
Гүлнәр ЖҰПАРБЕК,
“Солтүстік Қазақстан”.