Қаңтар айының басында облыстық ішкі істер басқармасының кезекші бөліміне сауда үйлері мен базар маңында тұрған автокөліктерде жасалған бірнеше ұрлық жайында арыз түскен болатын.
– Полиция қызметкерлері қылмысты ашу мақсатындағы жедел іздестіру жұмыстарын жүргізу барысында Петропавл қаласының 31 жастағы тұрғынын ұстады.
Жігіт кәдімгі қайшының көмегімен тапа-тал түсте көліктерді ашып, арам ойын жүзеге асырып отырған. Қаскөйді іске қосылатын дабыл жүйесі де тоқтата алмаған. Алайда, осыған қарамастан, кезекті көліктің есігін бұзып жатқан кезде құрықталды. Қолды қылған навигаторды, бейнекамераны және басқа заттарды бұрындары істі болған күдікті есірткі алу мақсатында сатып жіберген.
Күдіктінің осы сияқты бес фактіге қатысы бары белгілі болып отыр. Қазақстан Республикасының жаңа қылмыстық заңнамасындағы өзгерістерге сәйкес 118-баптың 2-тармағы бойынша ұрлықты қайталайтын болса, үш мың айлық есептік көрсеткіш көлеміне дейін айыппұл немесе бостандықты шектеу, яки 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Ерлан МАХМЕТОВ,
облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің инспекторы.