Облыстық психикалық денсаулық орталығында есірткіге тәуелді 656 адам есепте тұр. Мамандардың айтуынша, қоғамдық дертке шалдыққан солтүстікқазақстандықтардың саны бұдан әлдеқайда көп. Есірткінің адам денсаулығына зияны жайлы үнемі айтылып жүр, оны қолдану АИТВ инфекциясын жұқтыру қаупін бірнеше есе арттыратынын да естен шығармауға тиіспіз. Бұл жайлы облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөнiндегi орталық мамандары айтып отыр.
– Статистикалық көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Есепте тұрғандардың қатарында есірткіге тәуелділік диагнозы қойылған жеті жасөспірім бар. Олардың ең кішісі 15 жаста, – деген облыстық есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкілі Жанар Байғазина жастардың бұл жаман әдетке еліктегіш келетінін жасырмады. Оның үстіне, синтетикалық есірткі заттарын интернет арқылы сатып алуға болады. Кейбіреулер “жасөспірімдерді есірткіге тәуелділіктен оңай емдеуге болады, деп ойлайды. Өкінішке қарай, мұндай дертпен күресте кейде ақ халаттылар да дәрменсіз.
Мамандардың айтуынша, есірткіге тәуелділіктің физикалық және психикалық салдары бар. Физикалық тәуелділікті медицинаның көмегімен жеңуге болса, психикалық құштарлықты жою қиындық тудырады. Мұндай адамдар ремиссияға ұшырап, бұл кезең бір айдан бес жылға дейін созылуы мүмкін. Тәжірибе көрсеткендей, ұзақ уақыт ремиссияда қалған адамдардың толық айығып кетуі екіталай.
Синтетикалық есірткі алты ай немесе бір жыл қолданған адамның ағзасына орасан нұқсан келтіреді. Тұз бен спайсқа тәуелділік шизофрения дертіне шалдықтырады. Тұз бен спайстан уланғандар бірден жан сақтау бөліміне жатқызылады. Себебі, өміріне төнер қауіп зор.
Үстіміздегі жылдың екі айында облыста инъекциялық есірткі мен психотроптық заттарды қолданатын алты адамда АИТВ анықталған. Аталған дертпен күрестің тиімді тәсілдерінің бірі алдын алу екенін ұмытпаған жөн.
Бұл қауіпті вирусқа шалдыққандардың саны Қазақстан бойынша 23 мыңнан асса, облыста 1600-ге жетіп артылады. АИТВ-ға шалдыққан адамды тек зертханалық тексеру арқылы ғана анықтауға болады. Облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөнiндегi орталықта мұндай тексеріс тегін әрі анонимді түрде жүргізіледі. Колледждерге барғанда студенттерге ыңғайлы болуы үшін мамандар жылжымалы аппараттарын алып жүреді.
– Үстіміздегі жылдың 11 қаңтарында Қылмыстық кодекске бірқатар өзгерістер енгізілді. Оған сәйкес, синтетикалық есірткі заттарын сатқан адамдарға үш жылдан бастап, өмір бойы түрмеде отыру жазасы қарастырылған. Сонымен қатар оларды интернет арқылы таратып, насихаттағандарға қатысты жаңа бап енгізіліп, мұндай құқық бұзушылық үшін олар үш жылдан алты жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, – деген Жанар Байғазина басқармада анонимді сенім телефоны жұмыс істейтінін айтты.
Александра КОНДРАТОВА,
облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөнiндегi орталықтың баспасөз хатшысы.
Сурет https://u24.ru/ сайтынан алынды.