Рамазан айында халықтың сұранысы күрт артатын өнімнің бірі – құрма. Қасиетті айда аталған жеміс түрін әр үйдің дастарқанынан кездестіруге болады. Құрманың ауыз бекіткен адамның ағзасына пайдасы әлдеқашан дәлелденген. Мамандар күніне 2 құрма жеген адам дәрумен жетіспеушілігінен зардап шекпейтінін айтады.
Аталған өнім В1, В2, В4 және тағы да басқа дәрумендерге, калий, кальций, кремний, магний, темір, марганец сияқты микро және макроэлементтерге бай. Осының арқасында құрма адамның жүйке жүйесіне, қан қысымына, бұлшықет жұмысына оң әсер етеді. Ал антебактериалдық қасиеті ағзаны зиянды заттардан тазартады.
Жыл сайын қазақстандықтар 35 мың тонна құрма тұтынады. Пандемия жылдары бұл көрсеткіш 45 мың тоннаға дейін өскен. Жылуды сүйетін жеміс Қазақстанда өспейтіндіктен түгелдей шетелден жеткізіледі.
Құрма калориясы жоғары өнім саналады. Оның энергетикалық құндылығы да жоғары. Бұдан бөлек құрмадағы қанттың үлесі көп. Сондықтан да тәттіден бас тарта алмай жүргендер болса, кәмпитті құрмамен алмастыруға болады.
Пайдасына қарамастан құрманы мөлшерден көп тұтынбаған жөн. Әсіресе диабеті бар адамдарға құрма жеуге болмайды. Оның құрамындағы фруктоза асқазан жайсыздығын туғызуы мүмкін.
Ерте кездері құрманың жемісі ғана емес ағашы да пайдаға жараған. Адамдар оның бұтақтарынан түрлі бұйымдар жасап, ағашынан үй салған. Оның пайдасына қарап Азия халқы «Өмір ағашы» деген атау берген. Бүгінде әлемде құрманың 200-ден астам сорты бар. Бағбандар жыл сайын алқаптардан 4 млн. тоннаға жуық жеміс жинайды.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».