«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ

Қарттар күні мерекесінде полицейлер ішкі істер органдарында қызмет еткен ардагерлерге құрмет көрсетіп, салтанатты жағдайда марапаттар табыстады.

Мерекелік іс-шара Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары солтүстікқазақстандық милиция қатарында қызмет еткен ардагерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қоюдан басталды. Бүгінгі таңда ішкі істер органдары ардагерлері қатарында алты майдангер бар.

Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов ардагерлерге кәсібиліктері мен еңбекқорлықтары үшін алғыс білдірді.

– Менің әкем Ұлы Отан соғысының қатысушысы. Бар өмірін қызметке арнады. Зейнетке шықса да, ішкі істер департаментінің қызметкерлері оны ұмытпай үнемі мерекелерде құттықтайтын. Әкемнің ізін жалғастыру бақыты бұйырды. Мені де ұмытпай іс-шараларға шақырып отырады, – дейді ішкі істер органдарының ардагері Марат Смағұлов.

– Тұрақтылық пен қауіпсіздік – қазақстандықтардың әл-ауқатының кепілі. Бұған ардагерлеріміздің қосқан үлесі зор. Жастарға беретін білімдеріңіз бен тәжірибелеріңіз, Отанға деген махаббат пен отансүйгіштік сезімдеріңіз біз үшін өте маңызды, – деп атап өтті облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қапез Дәулетбаев.

Шара барысында он жас қызметкер аға буын алдында өздерінің алғашқы офицерлік шендеріне ие болды. Ардагерлер жас мамандарға ақ жол тіледі.

Динара САҒЫНДЫҚОВА,

облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің аға инспекторы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp