Қоңырау дауысы сыңғырлаған қоңыр күз. Аяғын нық басып сыныпқа беттеген ұстаз балалардың тосып қалғанын қаламайды, 45 минуттық сабақтың бір секундын да босқа жібергісі келмейді. Бар ғұмырын балаларға арнаған ұстазға әр минут қымбат.
Преден Бейсембаевтың өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатып келе жатқанына, міне, биыл 46 жыл. Осынау уақыт ішінде талай түлекті қияға самғатып, ұшырды. Жарты ғасырға жуық уақытын мектепте өткізіп, бала тәрбиесімен айналысқан оның білім саласында сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Небір қиын кезеңдерді басынан өткерді. Жыл сайын жаңарып, жетілдірілетін білім саласының да қиындығы өз алдына. Алайда, зейнеткер ұстаздың оны қиынсынған кезі жоқ. Әрқашан оқып, білімін жетілдіріп, көштен қалмауға ұмтылуда.
Преден Бегайдарұлы әр нәрсе өз уақытында, өз кезеңінде орындалуы керек дейді. Ол үшін тәртіп басты орында. Бәлкім, бұл қасиет тектіліктен болар. Адамның қарапайым, қайратты, жігерлі, кішіпейіл болуы да шыққан ортасына байланысты емес пе?! Әкесі Бегайдар марқұм да кезінде бала тәрбиесімен айналысып, жас ұрпақты білім нәрінен сусындатты. Орыс тілінен сабақ беріп, сауат ашты. Бүгінде әке жолын жалғаған ұрпақ білім саласында қажырлы еңбек етуде. Ұлдың үлкені Преден Бейсембаевтан кейінгілер де осы саланы қалаған.
1949 жылы дүниеге келіп, 1955 жылы Талап ауылындағы мектеп табалдырығын аттаған бала жастайынан оқуға зерек, алғыр болып өсті. Оған өзінің өсіп-өнген ортасы да зор ықпал еткен болуы керек. Кейін Көкшетаудағы облыстық мектеп-интернатта білім алып, қияға қанат қағады. 1966 жылы оқу бітіріп, екі жылдан соң Көкшетау педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түседі. Алайда, қазақ мектебінің түлегіне орысшаны алып кету оңайға соқпайды. Сөйтіп, ол кейін Қарағандыға ауысып, өзінің ана тілінде білім алады. Еңбек жолын 1970 жылы бұрынғы Келлеров ауданына қарасты Октябрь сегізжылдық мектебінен бастайды. Жас ұстаздың одан кейінгі өмірі тек ұстаздықпен ғана байланысты болады.
Ең алғашқы ұстазы Қуанышбай Мәжікенов пен білімін шыңдап, мұғалімдік еңбек жолында ағалық ақыл-кеңесін берген педагогика ғылымдарының докторы, профессор, марқұм Мәташ Есмұқановқа айтар алғысы шексіз. Оның математиканы таңдауы да қызық. Бастапқыда дәрігер болуды армандаған. 11-сыныпта оқып жүргенінде математика пәнінің мұғалімімен арада келіспеушілік болады. Білімін үшке бағалаған ұстазына көңілі толмаған ол қайтсе де математика факультетіне оқуға түсуді алдына мақсат етіп қояды. Сол мақсат бүгінде орындалды. Өзінің табандылығының, алғырлығының арқасында асқақ арманы орындалған оның бұл саланы таңдағанына еш өкініші жоқ.
Мектептен бөлек, әр жылдары кезінде өзі білім алған қазіргі Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде студенттерге дәріс оқығанын да ерекше атап өткен жөн. Ақжар, Тайынша аудандарына қарасты Ащыкөл, Драгомировка орта мектептерінде де қажырлы еңбек етті. Зейнетке шықса да, әлі де “аттан түспей” балаларға білім нәрін сіңіруде. Бірқалыпты, тиянақты, тәртіп пен ұқыптылықты бірінші орынға қоятын ұстаздың балаларға деген көңілі таза, пейілі кең, бастысы мейірімі ерекше. Бүгінде ол Кеңес Одағының Батыры И.В.Бережной атындағы Келлеров орта мектебінде қызметін жалғастыруда.
Ол – өзгені сыйлайтын, өзін де сыйлата алатын адал да әділ ұстаз. Әріптестері де оның адами болмысын, білім-білігін жоғары бағалайды. Кез келген адамға ұстаз болу бақыты бұйырмайтыны анық. Бұл тек жаны жақсылыққа құштар, оқу-білімге ынтызар, жүрегі ізгілік пен махаббатқа толы адамдардың ғана қолынан келетін іс. Бірақ кез келген ұстаз бала жүрегіне жол таба алмауы мүмкін. Ал ол жақсы ұстаз ғана емес, оқушылардың қамқоршысы, жанашыры.
– Өмірімнің біраз жылы мектепте өтті. Осы күнге аман-есен жеткен де, жетпеген де бар. Құдайға шүкір, зейнетке шықтым. Қай мектепте жұмыс істесем де, ұжым мүшелері құрметтеп, қадір тұтады. Шәкірттерім ылғи алғыс айтып, ыстық ықыластарын білдіреді. Ұстаз үшін бұдан асқан бақыт бар ма? – деп өзінің ойымен бөліскен ол жастар үйренсін, білсін, шынайы еңбек етсін деген ниет білдірді.
Ол – бақытты ұстаз. Өзі айтып өткендей, шәкірттері Преден Бегайдарұлын мақтамайды, оны мақтан тұтады. Осындай ұстаздың алдын көріп, тәрбиесін алып, өнегесін ұққан түлектері бүгінде еліміздің әр қиырында, әр салада жемісті еңбек етуде. Тіпті, республиканы былай қойғанда, алыс-жақын шетелдерде еңбек етіп жүрген шәкірттері бар. Ал өзінің ізін басқан оқушылары да аз емес. Бүгінде олар да білікті де білімді математика пәнінің ұстаздары. Арасында ғылым докторы мен кандидаттар бар. Солардың бірі – Сәкен Шериязов. Бүгінде ол Челябі техникалық университетінде техника ғылымдарының докторы, профессор. Одан басқа да тілге тиек етер, ауызға алар түлектердің саны аз емес. Ең алғаш Ұлттық бірыңғай тестілеу енгізілген жылы Нұрлан Тоқтыбаев “Алтын белгі” иегері атанып, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түседі. Осындай балалардың бағын ашқан ұстаздың ақыл-кеңесімен оның жолын қуған түлектер қаншама? Бұл есте қалған оқушылардың ішіндегі озықтары.
Ол үшін ең басты марапат оқушыларының биік белестерді бағындыруы. Марапат демекші, Преден Бейсембаевтың еңбегі кеңес өкіметі тұсында бағаланып, Қазақ КСР Халық ағарту ісінің озық қызметкері атанады. Ең басты жетістік те, байлық та ол үшін оқушыларының алғысы. Әр түлегі алғыс білдіріп, құрмет көрсетсе, мұғалім мұны ерекше бағалайды.
Комиссияның шешімімен автоматты түрде ең алғаш жоғары санатты ұстаз атанған да Преден Бегайдарұлы болатын. Біліктілікті арттыру курстарына үзбей қатысып, білімін шыңдап отыратын ұлағатты ұстаз үш әдістемелік кітапша шығарған. Жинақ мұғалімдер арасында кеңінен қолданылуда.
Сонау 1971 жылдан бері өмірдің ыстығы мен суығына төзіп, қызығы мен қиындығын көріп, үйде де, түзде де бірге жүрген асыл жары Шолпан Алшынбайқызы да – физика пәнінен сабақ берген зейнеткер ұстаз. Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі ретінде оның да өскелең ұрпақты тәрбиелеуде қосқан үлесі зор.
Кезінде Бауыржан Момышұлы “Ұстаздық – ұлы құрмет…” деп айтқан еді. Осынау ұлы құрметке лайық жанның өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі өнегелі өмір жолы әркімге де үлгі болары анық.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Тайынша ауданы.