Бұрнағы күні Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында өңір прокурорлары өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтті. Тәуелсіздікпен түйдей құрдас органның қызметкерлерін облыс әкімінің атынан оның орынбасары Антон Федяев құттықтады.
– Осыдан 25 жыл бұрын еліміздің прокуратура органдары құрылды. Прокуратура қызметкерлерінің міндеті – мемлекет пен оның азаматтарының мүддесін қорғап, заңдардың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету. Осы орайда, өңіріміздің прокурорлары өз міндеттерін бұлжытпай орындауда. Осындай маңызды мәселелерді шешу қызметкерлерден жоғары кәсібилікті талап етеді. Сіздерге зор денсаулық, бақыт тілеймін. Ел игілігі үшін жемісті қызмет етулеріңізге тілектеспін! – деді ол.
Шарада сөз алған облыс прокуроры Степан Зайтлер еліміздің прокуратура органдарының тарихына тоқтап, өңір прокурорларының жеткен жетістіктері жайлы айтты.
– 1991 жылғы 6 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының прокуратура органдары құрылды. Ал Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1992 жылғы 17 қаңтардағы қаулысы бойынша “Қазақстан Республикасының прокуратурасы туралы” Заңы қолданысқа енгізілді. Елімізде болып жатқан тың үрдістер мен заң саласындағы жаңалықтар адамды қоғамның жоғары құндылығы ретінде бағалап, азаматтардың қорғалу құқығын кеңейте түсті. Жеке адамның құқығын қорғау еліміздің прокуратура органдары қызметінің негізгі мақсатына айналды. Міне, содан бері прокуратура қадағалаушы орган ретінде еліміздің барлық азаматтарына көмек көрсетіп келеді”, – деді ол.
Шара барысында ардагерлерге “Қазақстан Республикасының прокуратура органдарына 25 жыл” мерейтойлық медальдары табыс етілді. Сонымен қатар, мінсіз қызметі мен өз міндеттерін үлгілі орындағаны үшін бірқатар қызметкерлерге сыныптық шендер мен төсбелгілер берілді.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.