«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ

Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, әр шәкірттің бойына адамгершілік қасиеттердің дәнін себетін ардақты мамандық иелері ұстаздар әрқашан құрметке лайық. Редакциямызға түскен хаттардың дені ұстаздарға арналған жылы лебіздерге толы.

Шал ақын ауданындағы Еңбек ауылының түлектері атынан хат жолдаған Айымгүл Найкина: “Роза Әлкенқызы бізге алғаш әліппенің бетін ашқызып, әріп танытты, өмірдің қыр-сырын білуге, сан қилы құбылыстарды терең түсінуге жол ашты. Жан дүниемізге нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілікке баулыған алғашқы ұстазымыздың бейнесі алтын ұядан қанат қағып кетсек те әрқайсымыздың көңіл төрімізден орын алған. Бойымызға адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезім сіңірген апайымыздың біз үшін жөні де, жолы да бөлек”, – депті.

“Елбасымыз: “Біз білім-ғылым саласында бәсекеге қабілетті болмасақ, өз мақсатымызға жете алмаймыз. Барлығы мектептен, ал Қазақстан үшін ауыл мектебінен басталады”, – деген болатын. 31 жыл уақытын мектеп пен шәкіртінің біліміне арнаған анам Ләззат Қадырова – қиындығы мен қызығы қатар жүретін, жауапкершілігі жоғары мамандық иесі. Осы жолда талмай, адал еңбек етіп келе жатқан анамды мақтан етемін және оның еңбек жолын болашақта жалғастыруды көздеп отырмын.

Ол – еңбек жолын алғаш бастаған Шағырсай негізгі мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі. Шәкірттеріне тәлім-тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытқан анам өз ісін сүйеді. Оның білім нәрімен сусындатқан Зейнеш Ораз, Жазира Қабышева, Мадина Жанайдарова сынды шәкірттері ұстаз жолын қуып, еліміздің әр түкпірінде еңбек етуде.

Ұстаздың әрбір шәкірті өмірде өз тетігін тауып, кірпіш болып қаланып жатса, төккен тер мен адал еңбектің ақталғаны емес пе?! Анама шәкірт тәрбиелеу жолында қанатыңыз талмай, биік шыңдарды бағындыра беріңіз дегім келеді”, – дейді Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының студенті Айғаным Мұқажанова.

Шал ақын, Уәлиханов аудандарынан келген хаттар негізінде дайындалды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp