
Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің қызметшілері Ұлы Отан соғысына қатысқан бір топ қарияның үйлеріне барып, оларды айтулы көктем мерекелерімен құттықтады.
Жылы жүздесу барысында майдангерлер соғыс күндерін еске алып, бастан кешкен оқиғаларымен бөлісті. Олар майдан даласында ер-азаматтармен иық тіресе жауға тойтарыс беріп, соғыстан кейінгі жылдары адал еңбектің үлгісін көрсете білді. Құшақтарына гүл толтыра келген әскери қызметшілерге алғыс білдірген аға буын өкілдері бүгінгі бейбіт заманның жастарына жылы лебіздерін арнап, батасын берді.
Департамент бастығы полковник Талғат Әліқұлов: “Біз ардагерлерімізге көбірек көңіл аударуымыз қажет. Сұрапыл соғыс туралы әңгімелерін тыңдап, ерлік істері жайында біліп өскен ұрпақ бойында өз еліне деген сүйіспеншіліктің берік болатыны сөзсіз. Сондықтан мұндай кездесулерді жиі өткізуіміз қажет”, – деп мереке иелеріне ұзақ ғұмыр тіледі.
Бүгінде облыс бойынша 56 ардагер тұрып жатыр, соның алтауы – әйел.
Айман ӘБЖАПБАРОВА,
облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің баспасөз қызметшісі.